Қай мұғалімдер 56 күннен бөлек қосымша демалыс ала алады

мектеп
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Педагогтер үшін ең маңызды әлеуметтік кепілдіктердің бірі — жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына шығу уақытының ұзақтығын белгілеу. Оның ұзақтығы барлық педагог үшін — күнтізбелік 56 күн, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

 Пеагогтерге жыл сайын ақылы еңбек демалысының 2 түрі беріледі: негізгі және қосымша.

Қосымша демалыс экологиялық қолайсыз және радиациялық қаупі бар аумақтарда тұратын педагогтер үшін қарастырылған.

Оның ішінде экологиялық қолайсыз аумақтарда тұратын педагогтер үшін қосымша демалыстың ұзақтығы — 7 күннен 12 күнге дейін, ал радиациялық қауiптi аумақтарда тұратын педагогтер үшін — 5 күннен 14 күнге дейін.

Демалыс уақытына түскен мереке күндері еңбек демалысына кірмейді. 

Еңбек демалысын беру кезінде нақты жұмыс істеген уақыт қана есепке алынады.

«Еңбек демалысын беру кезінде сауықтыруға арналған жәрдемақы лауазымдық жалақы мөлшерінде төленеді. Сауықтыру жәрдемақысының мөлшерін есептеу педагогтің демалыс берілген күнгі нақты жүктемесін ескере отырып, лауазымдық ақы мөлшерінде жүргізіледі, мұнда қосымша ақы мен үстемеақы есептелмейді», — дейді бюджеттік жоспарлау департаментінің еңбекақы төлеу әдіснамасы басқармасы басшысы Гүлайым Тоқпанова.

Педагог қосымша жұмысты немесе уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін өзінің негізгі жұмысынан босатылмай орындаған жағдайда бұл лауазымдарды қатар атқару болып саналады.

Бұл жағдайда сауықтыруға арналған жәрдемақы педагогке негізгі лауазымы бойынша ғана төленеді. 

Егер педагог қосымша жұмысты лауазымдарды қоса атқару туралы жеке еңбек шарты бойынша негізгі жұмыстан бос уақытында атқарса, сауықтыруға арналған жәрдемақы негізгі жұмыс үшін де, қосымша жұмыс үшін де бөлек төленуі тиіс.

Соңғы жаңалықтар
telegram