Қай облыстар мен қалалар есірткі саудасы бойынша алда тұр

Биыл қаңтар-тамыз айларында есірткі қылмысына қатысты 1,3 мың құқықбұзушылық тіркелген. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 8,7% жоғары. Бұл туралы ҚазАқпарат Energyprom.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
None

Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде ҚР ҚК № 297-бабы «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша 1,3 мың құқықбұзушылық тіркелді.

Өңірлер бойынша Алматыда ең көп құқық бұзу фактісі тіркелді: 184 жағдай, былтырғы жылмен салыстырғанда 53,3%-ке көп. Осындай өңірлердің бестігіне Астана қаласы (101 жағдай, өткен жылмен салыстырғанда 17,2%-ке аз), Қостанай (94 жағдай, плюс 38,2%), Жамбыл (81 жағдай, минус 22,9%) және Солтүстік Қазақстан облыстары (78 жағдай, плюс 5,4%) кіреді.

Мұндай қылмыстық құқықбұзушылық Түркістан және Ұлытау облыстарында аз тіркелді: әрқайсында 19 жағдай ғана.

Биыл сегіз ай ішінде есірткіге мас немесе токсикомания күйінде 413 адам құқық бұзған. Өткен жылмен салыстырғанда 16,9%-ке аз.

Осындай күйде қылмыс жасаған адамдар әсіресе Батыс Қазақстан облысында көп ұсталған: 59 адам, бір жыл бұрын 91 болған. Үштік қатарында Ақмола (47 адам) және Ақтөбе (45 адам) облыстары бар. Ең төменгі көрсеткіш Қостанай облысында тіркелді: 3 адам ғана. Бір жыл бұрын да солай болған.

Есірткі сату және осыған ұқсас қылмыстар бойынша көш бастап тұрған Алматының өзінде есірткіге мас немесе токсикомания күйінде құқық бұзған 16 адам ұсталды, былтыр 9 адам тіркелген еді.

Есірткіге мас күйде тәртіп бұзғандардың 63,7%-і, яғни 263 адам (былтырғы көрсеткіштен 16%-ке аз) есірткі құралдарын заңсыз пайдалану кезінде ұсталды. Олардың мақсаты сату болмаған.

Одан кейінгі орында жүргізуші куәлігінен айырылған адамның көлік айдауы (50 адам) және есірткіні сату мақсатында заңсыз дайындау және сақтау (46 адам) қылмыстары тұр.

Есірткіге мас немесе токсикомания күйінде құқық бұзған адамдардың тек екеуі (былтыр біреу болды) кәмелетке толмаған. Екі жасөспірім де есірткі пайдаланып жатқан кезінде ұсталды.


Соңғы жаңалықтар