Қай өңірлерде су тасқыны қаупі жоғары – Қазгидромет болжамы
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірқатар өңірінде топырақтың шамадан тыс ылғалдануы мен жердің қатты тоңазуы көктемгі су тасқыны қаупін күшейтуі мүмкін. Бұл туралы Орталық коммуникацилар алаңында өткен дөңгелек үстелде «Қазгидромет» РМК бас директорының бірінші орынбасары Әсет Қалиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай және Жетісу облыстарында топырақтағы ылғал мөлшері жоғары. Сондай-ақ Атырау, Қостанай, Қарағанды және Алматы облыстарының жекелеген аудандарында да ылғал деңгейі қалыпты көрсеткіштен асып отыр.
Ал қардағы су қоры Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында, сондай-ақ Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының басым бөлігінде жоғары деңгейде қалыптасқан. Бұл көктемде қар еріген кезде су көлемінің артуына әсер етеді.
Мамандардың мәліметінше, биыл ел аумағының көп бөлігінде топырақ өткен жылмен салыстырғанда қаттырақ тоңазыған. Сонымен қатар бірқатар өңірде мұз қабаты қалыптасқан.
Осы факторлар көктемгі су тасқыны қаупін арттыруы мүмкін. Болжам бойынша, жоғары тәуекел аймақтарына Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Абай және Шығыс Қазақстан облыстары жатады.
Орташа тәуекел Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ұлытау, Түркістан, Алматы және Жетісу облыстарында күтіледі. Ал Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Жамбыл облыстарында қауіп деңгейі төмен.
– «Қазгидромет» гидропосттарда тәулік бойы бақылау жүргізеді. Жағдай күрт өзгерсе, ақпарат уақтылы жеткізіледі, – деді Әсет Қалиев.
Айта кетейік, бұған дейін тасқынның алдын алу үшін су қоймаларынан су жіберіліп жатқаны хабарланған болатын.