Қай салаларға халық шағымы көп

Елімізде тұтынушылардың шағымы жыл сайын 30 пайызға артып келеді. Бұл туралы Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің отырысында Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

халық шағымы
Фото: pixabay.com

«Жыл сайын тұтынушылар өтініштерінің саны 30 пайызға артып келеді. Егер 2020 жылы уәкілетті органға 21 мың өтініш түссе, 2022 жылы тұтынушылардың шағымдарының саны 30 мыңға дейін ұлғайды. Өзге мемлекеттік органдарда келіп түскен шағымдардың артуы 2021 жылды 2022 жылмен салыстырғанда 11 пайызды құрады. Осыған ұқсас жағдай тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне шағымдардың түсуімен байқалады.

Бұл экономиканың жекелеген салаларында тұтынушы құқығын қорғау саласындағы жүйелі проблемаларды көрсетеді», – деді ол «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасының және оған ілеспе заң жобасының таныстырылымы барысында.

Халықтан шағымның дені келесі салаларға қатысты:

  • бөлшек сауда – 48 пайыз;
  • тұрмыстық қызметтер – 19 пайыз;
  • электронды сауда – 9 пайыз.

Шағымдар саны артып келе жатқан салалар:

- қоғамдық тамақтандыру объектілерінде қызмет көрсетуде – 2,8 есе;

- көлік және байланыс қызметтерінде – 2,5 есе;

- медицина қызметінде – 2 есе.

Алайда, вице-министрдің айтуынша, бұл фактілер тұтынушылар құқығын қорғау саласындағы істердің нақты жай-күйін көрсетпейді. Себебі кейбір тұтынушылар бұзылған құқықтарды қорғау үшін мемлекеттік органдар мен тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне жүгінбейді.

«Оны тәуелсіз әлеуметтік зерттеудің нәтижелері дәлелдейді. Ол бойынша азаматтардың медицина, интернет-провайдерлер, қоғамдық көлік қызметтеріне наразылығы көп. Осыған байланысты, азаматтардың келіп түскен өтініштерін талдау мен мониторинг нәтижелерін, тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың қоғамдық институттарының пікірлері мен ұсыныстарын және әлеуметтік зерттеу көрсеткіштерін назарға ала отырып, министрлік ең алдымен жосықсыз бизнеспен жұмыс істеудің алдын алуға бағытталған заң жобаларын әзірледі», – деді Қайрат Балықбаев.

Соңғы жаңалықтар