Өскеменде тіл маманы Оралхан Бөкей шығармаларындағы әр сөзді талдап, сөздік жасап жатыр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Оралхан Бөкей - ойлы оқырманның жүрегінен ойып тұрып орын алған қаламгер.

Оның қиыннан қиыстырған, ұқыптап ұйқастырған сөздері, теңеулері, сипаттаулары кейде хас сұлудың көз жасындай мөлдір, кейде көкіректі күйдірердей отты, уытты. Бірақ жазушының әлдебір сөздері көпке көмескі, талайға түсініксіз болып жатады.
Өскемендік филолог Құралай Қайырбаева «Алтай кербұғысының» шығармаларын ежіктеп талдап, ондағы сөздердің мән-мағынасын оқырманға таныстыру үшін сөздік жасап жатыр. Таяуда Kazinform тілшісі онымен жолығып, сұхбат құрып қайтты.
- Оралхан Бөкейдің қуатты қаламынан туған шығармаларындағы әр сөздің тереңіне үңіліп, осындай сөздік құрастыру идеясы қалай келді ?
- Бұл жобаны маған Өскемендегі О.Бөкей атындағы қалалық кітапхананың директоры Хабиба Мырзаханқызы ұсынды. Оралхан – күрделі суреткер. Рәбиға Сыздық айтқандай, «Оралхан тілге аса бір ұқыптылықпен қарайтын қаламгер». Сөздік құрастырудағы мақсат – жазушы шығармаларын насихаттау, жұртшылыққа Оралхан әлемін таныту, ондағы сирек кездесетін сөздердің мағынасын түсіндіру. Мысалы, ол «қаятты нөсер» деп жазады. Мағынасы – ертегідегідей, нұрлы нөсер. Немесе «марайма мінез» дейді. Бұл жайдары, ақкөңіл дегенді білдіреді.
- Бұл сонда қазақтың сөздері ме ?
- Иә. Қазақтікі. Бірақ Оралхан ара-тұра араб, парсы сөздерін де қолданған. Мәселен «оман-дария» дейді. Ол – үлкен дария деген сөз. Осындай сөздерді оқып отырған адамға оның мағынасы күңгірт болып жатады. Сол кезде біздің сөздікті қолға ала алады.
Қазақ тілінің байлығы көркем мәтіндерде жақұттай жарқырап көрінеді ғой. Себебі күнделікті өмірде бұл сөздерді қолданбаймыз. Көркем тіл – адамның жан дүниесін сұлуландырады. Оралхан айтқандай «кесапат мінездерден» алшақтатады. Рухани жаңарған адамның денесінде трансформация болады.
Оралхан Бөкей шығармалары магияға, сиқырға, тылсымға толы. Онда қазақ сөзінің синергиясы, құдіреті бар. «Мұзтау» шығармасын алайық. Негізгі кейіпкері – Ақтан. Аңшы жігіт. Сол Ақтан мұз үңгірге түсіп кетеді. Үңгірдің астында қаншама байлық жатқанын көреді. Бірақ оған дәулеттен гөрі өмір қымбат. Қапаста қалмай, сыртқа шыққысы келеді. «Тірліктің жібі» болған арқанға ілініп тұрып аспанға қараса - айнадай жарқырап, жасанып алған Мұзтау, төменге қараса - көк мұз. Сонда сол үңгірден ерекше бір қарқынмен шығады. Себебі байлыққа құмартпай, жанын таза ұстаған. Ол өмірге ғашық, жақсылыққа іңкәр болған кейіпкер. Басқа біреу болса байлыққа байланып қалар ма еді. Ал Ақтан өйтпеді. Оралханның осы секілді образдары оқырманды баурап алады.
«Тортай мінер ақ боз ат» - мектеп бағдарламасында оқылатын әңгіме. Сөздікті жасап жатқанда осындағы бас кейіпкерді қаламгер не себепті Тортай деп атады деген сұрақ туындады. Этимологиясын қарастыру барысында ғалым Серікбол Қондыбайдың дерегіне сүйене отырып, бұл сөздің «білім нұрын, рухани орталықты қорушы» деген мағына беретініне көз жеткіздік. Ал шығармадағы Тортай қандай бала? Оны бәрі «біздің ортамыздағы абызымыз еді» дейді. Көп ізденген, білімге құштар болған. Демек, Оралхан шығармаларындағы әрбір кейіпкердің есімінің өзі тектен-текке қойыла салмаған. Әр адамның аты символдық мән немесе метафора арқалап тұруы мүмкін. Сөз зергері қай туындысына болсын тиянақты дайындықпен келген.
- Қазіргі заман балалары осы Тортайдан үлгі алуы керек қой...
- Иә. Қазір тоқшылық заманы. Сол кезде жоқшылық болды. Сонда да Тортай кітапқа құмар. Өз сөзінде «Менің анам да, әкем де, дүниедегі пірім де осы – кітап» дейді. Оралхан кітаптың құндылығын Тортай арқылы паш етіп отыр.
- Осылай әр туындыны зерделеу қиын шығар ?
- Бұл ұзақ уақыт тапжылмай отырып, көз майыңды тамызуды қажет ететін ауыр шаруа. Академиялық сөздіктерді қолдану арқылы Оралхан шығармаларындағы қазақтың сирек қолданылатын, көнерген сөздерінің, фразеологиялық тіркестердің, кірме сөздердің мағынасын ашуға тырыстым. Жұмыс барысында Оралхан Бөкейдің шеберлігіне шын таңқалдым. Оқып отырып сүйсінесің, сүйсініп отырып оқисың.
Қазақта бірнеше мағына беретін ауыспалы сөздер бар. «Алтайдың кербұғысы» соның барлығын санасына сіңіріп, шебер қолданған. Мақал-мәтелді де жиі кәдеге жаратып отырған. Қарапайым сөздерді таңдағаннан гөрі көркем сөздерден кесте тіккен. Сол арқылы образдарды аша түсіп, адам қиялын ұштап, сондағы суретті көз алдыңызға елестетеді.
«Қамшыгер» әңгімесінен бірнеше мысал келтіре кетейін. «Екі жағы найзадай шаншылған, тіп-тік жалтыр көк тасты құздың ортасы ашамайланып шыңырау шат боп біткен-ді». Осындағы «шыңырау» – түбі тым тереңде жатқан құлама жер, «шат» – тау қойнауындағы екі жағы тік әрі тар, жықпыл-жықпыл терең сай, ашамай – баланы атқа мінуге үйрету үшін қолданылатын ердің қарапайым түрі.
«Көз көрімде ел жоқ. Тек ұзын сонар қож-қож тастар, сойдақ-сойдақ қарағайлар, алапат таулар ғана қаумалай қоршап, күргейлеп тұрады». Мұндағы «көз көрім» – жай көзбен қарағанда ажыратуға болатын арақашықтық, «ұзын сонар» – ұзаққа созылған, «қож-қож» – бұжыр-бұжыр, бұдыр-бұдыр, «сойдақ-сойдақ» – басқа заттардан бойы ұзын, қадау-қадау, басы шошайып, ерекше көзге түсетін үшкір нәрсенің сипаты, «алапат» – орасан зор, ғаламат, «күргейлеу» – көлегейлеу, тасалау.
«Садақбай отсыз шүңгіл көзі кіртиіп, әмісе серік санап келген қамшысына қимай шаншыла қарады» деген сөйлеміндегі шүңгіл – шүңірейген көз, әмісе – әрқашан, әрдайым, шаншыла қарады – тесіле көз тікті деген мағынаны береді.
- Қазір барлығы қанша шығарманы талдап шықтыңыз ?
- Осы күнге дейін 7 шығарманы талдадым. Ең бірінші «Тортай мінер ақ боз ат» әңгімесінен бастадым. Содан соң «Апамның астауы», «Қамшыгер», «Кербұғы», «Айпара», «Терісаққан» туындыларын таңдадым. Ең соңғы зерделегенім - «Жылымық» әңгімесі.
- Әңгімеміздің басында Рәбиға Сыздықтың Оралхан Бөкей жайлы айтқан сөзін мысалға келтірдіңіз. Ол кісінің тағы «Оралхан қазақтың сөз өнерін барынша сарқа пайдаланған» дегені бар. Бұл пікірмен келісесіз бе ?
- Әрине. Академик өзінің «Сөз құдіреті» атты еңбегін жазу кезінде Оралханды көп зерттеген. Сөз әрлеуіне, жазушылық стильдік әдістеріне назар аударған. Расыменде Оралхан қазақтың сөздерін түгел дерлік қолданған. Оның жазушылық мақсаты да сол. Өз сөзі: «Бұл қазақ артына рухани байлықтан, ұлағатты сөз бен ұлттық дәстүрден өзге дүние жинауға салақ-ақ». Яғни, біздің рухани байлығымыз – тілдік қазына. Осы тіл арқылы біздің мәдениетіміз, тарихымыз, қажет десеңіз тағдырымыз кестеленеді.
- Сіз үшін жазушының қай шығармасы жүрегіңізге ең жақын ?
- Маған қазақ анасының болмысы сипатталатын «Айпара ана» әңгімесінің орны бөлек. Қазір отбасындағы құндылықтар, ана мен бала қарым-қатынасы сынды мәселелер қоғамда өзекті. Сондықтан бұл шығарма аса құнды. Айпара ана өзінің 10 жастағы баласын жоңғар даласына 2 бауырын алып келуге жұмсайды. Бүгінгі күннің көзімен қарағанда осындай балаға сенім артуға бола ма?
Сол Жандос жау жерінде қолға түседі. Жоңғарлар оны құрым киізге орап, өртке тастап кетеді. Кенет көктен жаңбыр жауып, киіздегі от өшіп, бала аман қалады. Өртеніп жатқанда «Анам маған сеніп жұмсады ғой. Сол үшін оның айтқанын орындауым керек!» деген баланың шешесіне деген махаббаты, шешесінің қойған талабын орындауға деген құлшынысы оны жасытпай, керісінше күш береді. Ең аяғында екі бауырын тауып, аман-есен елге жеткізеді. Айпара ананың баласына деген сенімінен де сабақ алуға болады. Әлбетте, бұл жеткіншек ұл-қызыңды қараусыз жібер деген сөз емес. Өз перзентіңді шектен тыс мәпелеп-өбектемей, дамып, жетіле түсуіне жол ашуыңыз керек. Қазақ «балаңды аясаң – аяма» деген тектен-текке айтпаған.
- Әңгімеңізге көп рахмет!