Қайғылы жағдай қайталанбас үшін: Өскемен мектептерінде футбол қақпалары берік тұр ма – репортаж

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласындағы мектептердің спортзалдары, сырттағы спорттық жабдықтары қаншалықты қауіпсіз? «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, Астанадағы үстіне футбол қақпасы құлап көз жұмған оқушының қайғылы оқиғасы қайталанбайтынына кепілдік бар ма? Осы сұрақтардың жауабын білу үшін ҚазАқпарат тілшісі зерттеу жүргізіп көрген болатын.
None
None

Тамыз айының басында Астанадағы №10 мектеп аумағында 10 жасар баланың үстіне футбол қақпасы құлап кеткен еді. Оқушы алған жарақатынан сол жерде көз жұмған. Осыған байланысты полиция қылмыстық іс те қозғаған. Қайғылы жағдайдан кейін тек елордада емес, мұқым мемлекет бойынша мектептердегі спорттық жабдықтардың қауіпсіздігі мәселесі күн тәртібіне шықты.

Шығыс Қазақстан облысының халқы да балалары үшін уайымдап, білім ордаларындағы темір қақпалардың қаншалықты берік тұрғандығын білгілері келді. Жалпы өңір бойынша 343 мектепке 98 мыңнан астам оқушы бар.

Таяуда ШҚО әкімдігінде өткен жиналыс барысында аймақ басшысы Ермек Көшербаев мектептердегі балалардың қауіпсіздігі әрқашан басты назарда болуы керектігін жеткізді. Ол Зайсан ауданының әкіміне «Қанша мектепті тексердіңіз, өзіңіз турникке шығып көрдіңіз бе?» деп сұрады. Жөнді жауап ала алмағаннан кейін аудандардағы әрбір мектеп стадионының қауіпсіздігін жеке тексеретінін айтқан.

«Өзім мектепке барып тексеріп, егер бір кемшілік анықтасам журналистерді шақырып, көрсетіп, «Осы әкім балалардың қауіпсіздігін ойламайды» деп айтамын. Сосын сайлауға қалай түсесіздер!? Сол үшін ауыл әкімдері әр мектептегі турникке өздері шығып, тексеруі, жағдайды өз бақылауында ұстауы керек», - деді сол кезде әкім.

Осы мәселе төңірегінде мәлімет жинау үшін Өскемендегі мектептерге барып, ШҚО Білім басқармасынан және облыстық Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінен бірнеше сұраққа жауап алып көрдік. Мектепті әдейілеп таңдап алмай, қаланың екі жағындағы жолымыз түскен екі білім ордасына бас сұқтық.

Біріншісі – Қ. Қайсенов көшесінде орналасқан Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы №1 орта мектеп. Мұнда 697 бала оқиды. Жалпы сыйымдылығы – бір ауысымда 554 бала. Екінші ауысымда 6, 7, 8 сынып оқушылары білім алса, қалғандары мектепке таңертеңнен келеді. Қазақ тілді мектепке тек жақын маңдағы көшелерден емес, қаланың әр бұрышынан балалар келіп оқиды екен.

Мектеп директоры Әділ Сайлаубек бізді бірден спортзалға алып барды. Іші таза, жарық. Құлайын деп тұрған ештеңе байқалмады.


«Жуықта ғана біздің мектепті құзырлы басқарма қызметкерлері келіп тексеріп кетті. Ешқандай бұзушылық тіркелмеді. Оқушылардың қауіпсіздігі толықтай сақталған. Биыл бізге жөндеу жұмыстарына ақша бөлінген жоқ. Өзіміз жаз бойы әрлеу, әктеу жұмыстарын жүргіздік», - дейді директор.


Содан кейін сырттағы спорттық жабдықтарды көрдік. Турник пен футбол қақпасын қолмен ұстап, итеріп-тартып байқап едім, берік тұр. Бірақ футбол ойнайтын алаңда көгал жоқ.


«Құдайға шүкір, мектебімізде Астанадағы сияқты жағдай болып көрген емес. Өздеріңіз көріп тұрғандай, балалардың денсаулығына қауіп төндіретіндей ештеңе жоқ. Десе де алдағы уақытта футбол алаңына жасанды көгал төсеп, ойнап жүріп жығылғанда аяқтары ауырмайтындай жағдай жасағымыз келеді. Соған қаржы бөлінсе дейміз. Жаңа оқу жылының қарсаңында дене шынықтыру сабағына қажетті доптар және басқа да спорттық керек-жарақтарды сатып алдық», - дейді Әділ Сайлаубек.


Одан кейін Жібек маталар комбинаты ықшам ауданындағы Сәтбаев көшесінде орналасқан №24 орта мектепке табан тіредік. Орыс тілді білім ордасы 1988 жылы салынған. 787 оқушыға шақталған мектепте қазір 1510 бала білім алып жатыр. Яғни, бала саны негізгі сыйымдылықтан екі есе асып кеткен. Алайда бұл Өскеменде қазақ сыныптары толмай, ал орыс тілді мектептерге оқушы сыймай жатыр деген сөз емес. Бұл жалпы осы ықшам ауданындағы түгел дерлік мектептерде қалыптасқан жағдай. Себебі құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқан ауданда мектеп жасындағы бала өте көп.


№24 орта мектеп директоры Ләззат Мәуітхан жыл сайын сырттағы спорттық алаңға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты.

«Жабдықтар әр түрлі түске боялған, техникалық талаптарға сай, балаларға ыңғайлы. Оқыс оқиғалар болып көрген жоқ. Мектеп ішінде екі бірдей спортзалымыз бар. Дене шынықтыру сабағы қыркүйекте және мамырда далада болса, қалған айларда іште өткізіледі», - дейді ол.


Директормен бірге спортзалдарды, сырттағы алаңды түгел аралап шықтық. Мұнда да оқушылардың өміріне қауіп төндіретіндей ештеңе байқамадық.




Алайда бәрі мұнтаздай, мінсіз деуге келмес. Футбол ойнайтын алаңға төселген көгалдың жағдайы нашарлау екен. Арасы ашылған, тесілген тұстары бар. Турниктегі изолентаның шеттері шығып тұр.




Жерге қадалған дөңгелектер де қатты берік еместей көрінді. Бірақ әдейілеп күш салмаса, құлай қоймайды. Сарапшы болмағаннан кейін нақты айта алмаймыз.




Мектеп шетіне біреулердің салған суреттері мен жазулары да өшірілмегенін байқадық. Футбол алаңының қасында, мектеп қоршауының ішінде жабық мұз айдыны бар екен. Соның қазақша жазуындағы бір әрібі түсіп қалыпты. Алайда бұл мектеп басшылығының олқылығы емес. Себебі мұз айдыны облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарайды.



Одан кейін жалпы облыс мектептеріндегі жағдайды білу үшін ШҚО Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының есігін қақтық. Алайда қазір басшылары Зейнеп Мақсұтова басқа қызметке ауысып кетіпті. Бізді департамент басшысының орынбасары Жұмабек Қамбетов қарсы алды. Сұрақтарымызды тыңдап шыққаннан кейін:

«Бүгінгі таңда өңір бойынша 19 білім беру ұйымында спортзал жоқ. Біздің пайымдауымызша, оларда дене шынықтыру сабақтары бейімделген бөлмелелерде немесе мектеп дәліздерінде өтуі мүмкін. Ал мектеп спортзалдарына жүргізілген тексеру жұмыстары туралы ақпаратты Білім басқармасынан сұрата аласыздар», - деп қысқаша жауап берді.

Облыстық Білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышевамен де кездестік. Ол Шығыс Қазақстандағы барлық қала, ауданда орналасқан мектептерде, балабақшалар мен қосымша білім беру ұйымдарында спорттық алаңдар мен құрал-жабдықтарға толыққанды тексеру жүргізілгенін жеткізді.

«Осы мақсатта арнайы мониторингілік топтар құрылды. Оның құрамына басқарма қызметкерлерінен бөлек, Төтенше жағдайлар департаментінің, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының өкілдері кірді. Спортзалдарды, сыртқы қоршауларды, спорт алаңдарының жабдықталуын, аумақтың санитарлық жағдайын, бейнебақылау камераларының болуын, футбол қақпаларының, волейбол бағаналарының, арқандардың беріктігін мұқият тексерді. Соның нәтижелері спортзалдардың, ойын және спорт алаңдарындағы құрал-жабдықтардың оқушылар мен бүлдіршіндердің бойына және жасына сәйкес келетіндігін және талапқа сәйкес жағдайда сақталғандығын көрсетті», - дейді Иннеса Чернышева.


Соңғы жаңалықтар