Қайым Мұхамедханұлының 110 жылдығы: ғалым мұрасын дәріптеген конференция өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада көрнекті ғалым, абайтанушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қайым Мұхамедханұлының туғанына 110 жыл толуына арналған халықаралық конференция өтті.

Қайым Мұхамедханұлының 110 жылдығы: ғалым мұрасын дәріптеген конференция өтті
Фото: Алпамыс Файзолла/Kazinform

«Көкейкесті әдебиеттану: поэтика, жанр, стиль және Қайым Мұхамедханұлының ғылыми мұрасы» атты іс-шараға белгілі қазақстандық және шетелдік ғалымдар, Абай шығармашылығын зерттеушілер, ғылыми және білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.

Конференция аясында Қайым Мұхамедханұлының ғылыми мұрасы, оның абайтану ғылымының дамуына қосқан үлесі, мәтінтану, әдебиеттану, Абай мен Шәкәрім шығармашылығын зерттеу мәселелері, сондай-ақ ұлттық әдебиет пен тарихты зерттеудің өзекті бағыттары талқыланды.

Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ филология факультеті қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы, PhD Ләйлә Демесінова ғалым мұрасына қатысты пікірін білдірді. Оның сөзінше, Қайым Мұхамедханұлы Абай шығармаларына текстологиялық тұрғыдан алғаш болып зерттеген. Ғалымның 1951 жылы шыққан «Абайдың ақын шәкірттері» деген диссертациясы кейінгі абайтанушыларға азық болды.

— Бұл конференцияға тек қана Қазақстаннан емес, шетелден де мықты ғалымдар өз баяндамаларын ұсынып жатыр. Ғарифолла Есім, Тұрсын Жұртбай, Сауытбек Абдархманов т. б. белді ғалымдар баяндама жасады. Тағы бір ескертетін дүние, бұл — халықаралық конференция. Сондықтан Қазан федералдық университетінің профессоры Флюра Сайфуллина Қайым Мұхамедханұлының зерттеулері бойынша баяндама жасады. Сондай-ақ, Өзбекстандағы Науаи атындағы университет профессоры Ұзақ Жорақұлов «Екі достың тағдыры» деген мақаласын оқып берді. Одан бөлек, АҚШ-тың Монтано университетінің профессоры Андре Эрно да сөз сөйлеп, зерттеуін көпшілік назарына ұсынды. Аталған баяндамалардың барлығы Қайым Мұхамедханұлының еңбегіне қатысты. Бұл қазақ ғалымының тек отандық қана емес, әлемдік әдебиеттану парадигмалары негізінде де зерттеліп жатқанын аңғартады, — деді Ләйлә Демесінова.

Айта кетейік, бұған дейін де Қайым Мұхамедханұлының ғылымға сіңірген орасан еңбегі жөнінде жазғанбыз.