Қайыңдыға жол, Көлсайға қатынайтын электромобильдер және тұрақ: жобалар қалай жүзеге асып жатыр
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысындағы танымал туристік бағыттардың бірі – Көлсай және Қайыңды көлдері. Туристердің қауіпсіздігін күшейту мақсатында қандай жобалар қолға алынды, инфрақұрылымы қалай дамиды Кazinform агенттігінің тілшісі анықтап көрді.

Қайыңдыға апаратын жол
Қайыңды көліне жаңа жол салу мәселесі көптен бері айтылып келеді, әсіресе аталған жоба 2023 жылдың күзінде Қайыңды-Саты таулы жолында жолаушылар мінген автобус УАЗ көлігімен соқтығысқан қайғылы жағдайдан кейін қызу талқыланып жатыр.
Жол 2024 жылы салынатыны белгілі болды.
Алайда жоба әлі жүзеге асырылған жоқ. Туристер күні бүгінге дейін ескі УАЗ көліктерімен қатынауға мәжбүр.
Алматы облыстық туризм басқармасынан атап өткендей, Қайыңды көліне асфальт жолының құрылысы сонау 2019 жылы жерге орналастыру жобасын әзірлеу мен мемлекеттік актіні алудан басталған.
Жобалық-сметалық құжаттары бекітіліп, құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны - 1,2 млрд теңгеге бағаланды.
Бас мердігер «BS Build» компаниясы 2021 жылы 10 шақырым учаскені жөндеуге кірісті. Оған 190 млн теңге бөлінді.

Алайда, 2022-2023 жылдары жобалық-сметалық құжаттаманы қайта есептеуге және құжаттарды мемлекеттік сараптамаға дайындауға байланысты жұмыс уақытша тоқтатылды. 2024 жылы жобалық-сметалық құжаттаманың құны қайта есептеліп, 2,4 млрд теңге болды.
– 2024 жылдың 27 қазанында бас мердігер Алматы қаласының ауданаралық экономикалық сотына тапсырыс беруші «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ-нің үстінен талап арызбен жүгінді. 2025 жылдың 8 қаңтарында келісімнің болмауына және 2023 жылдан бастап қаражат бөлінбегендіктен сот мердігермен келісімшартты бұзу туралы шешім шығарды, – деп атап өтті басқармадан.
Қазір бұл нысанның жобалық-сметалық құжаттамасын 24 589 355 теңгеге қайта есептеу жоспарда. Есептеу аяқталғаннан кейін оның нақты құны анықталады.
Қайыңды көліне жаңа жол салынғанан кейін туристер жеке көліктерімен қатынай ала ма

– Қазір туристерге жеке көліктерімен Қайыңды көліне дейін бару шектелген. Көліктерін арнайы тұраққа қалдырады. Бұл шешім көлдің экологиясын қорғау және оның бірегей табиғатын сақтау қажеттілігінен туындап отыр. Сонымен қатар, көліктердің қосымша ағыны кептелістерге әкеліп, туристердің жайлылығына әсер етеді. Болашақта бұл тәжірибе қоршаған ортаға тигізетін әсерді барынша азайту және инфрақұрылымның шамадан тыс жүктелуіне жол бермеу үшін сақталуы мүмкін,– деп жауап берді басқармадан.
Инфрақұрылымды жақсарту
2024 жылы Алматы облысының туризм басқармасы Қайыңды көліне апаратын ұзындығы 425 метр жаяу жүргіншілер жолын абаттандыру жұмыстарын аяқтады. Бұл жұмыстар «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында инфрақұрылымды жақсарту және туристердің көлге жайлы әрі қауіпсіз баруын қамтамасыз ету мақсатында жүргізілді.
Көлсайға электромобильмен барады
– Саты ауылында туристер жеке көліктерін, турфирмалар автобустарын қоятын үлкен автотұрақ ұйымдастыру жобасы бойынша байқау жарияланады. 2023 жылы 1,5 гектар жерге тұрақ салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Жобаның жалпы құны -10 млн теңге. Барлық қажетті қаражат бөлініп, мердігер «Қорған геодезия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім-шарт жасалды. Автотұрақтың сметалық құны - 394,3 млн теңге. Былтыр мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынды. Қазір жоба облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы тендерге шығарылуда, – делінген жауапта.
Жақын арада туристерді Көлсай көліне тасымалдау үшін электромобильдерді шығару мүмкіндігін қарастыру жоспарланып отыр. Бұл мәселе бойынша шешім автотұрақ құрылысы аяқталғаннан кейін қабылданады. Аталған жобаны қаржыландыруға инвесторлар тарту көзделген. Бірақ, 2025 жылы велосипед, самокаттарға жеке жол салу жоспарда жоқ. Дегенмен, алдағы уақытта бұл мәселе инфрақұрылымды одан әрі жетілдіру және барлық жол қозғалысына қатысушыларға қолайлы жағдай жасау аясында қарастырылатын болады.

Жуынатын бөлмелер
«Көлсай көлдері» ұлттық парк аумағында 11 санитарлық-гигиеналық қондырғы орналасқан, оның 6-уі Төменгі Көлсай көлінде, 5-уі Қайыңды көлінде. Қазір су құбырының қатып қалуына байланысты төменгі Көлсай көлі бағытында орналасқан санитарлық-гигиеналық қондырғының екеуі ғана жұмыс істеп тұр.
2024 жылы Көлсай көлдерін тамашалауға қанша турист келді
Туризм басқармасының мәліметінше, былтыр «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркіне 395 386 адам тартылса, оның 6 712-сі шетелдік туристер. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2023 жылы паркке 244 733 турист келсе, оның 3 331-і шетелдіктер.
2021 жылы «Көлсай көлдері» табиғи паркі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік желісіне енгізілген болатын.
Осыған дейін, Алматы облысында туристер саны рекордтық көрсеткішке жеткені туралы жазған едік.