Қайырбек Арыстанбеков: Смайылов Үкіметі экономиканың өсімін халықтың жақсы тұрмысына айналдыра алмады
АСТАНА. KAZINFORM – Экономикалық саясат институтының директоры, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Қайырбек Арыстанбеков Kazinform тілшісіне Әлихан Смайылов Үкіметінің отставкаға кетуіне байланысты пайымдарын айтып, шағын сұхбат берді.

- Қайырбек мырза, Үкімет отставкасы уақтылы қабылданған шешім деп ойлайсыз ба?
- Әлихан Смайылов Үкіметінің отставкаға кетуі өте уақтылы деп есептеймін. Себебі, жалпы әлеуметтік-экономикалық саясаттың үдерісін зерделесек, инерциямен кетіп бара жатыр. Бұрынғы Үкіметтер бастап берген, бұрынғы Үкіметтер қолдап келген, солар жүргізіп келген, солар басшылыққа алған әлеуметтік-экономикалық саясат түбегейлі өзгеріске ұшырамады.
Оған дәлел керек болса, соңғы 10-12 жылда әр түрлі себептерге байланысты «қол жеткізген» экономикалық өсудің нәтижелерін, жемісін біздің халықтың көпшілігі көрмей келе жатыр. Демек, қол жеткізген ішкі жалпы өнімнің 20 млн халықтың қалтасына тікелей ықпал ету деңгейі күрт төмендеп кетті.
Шетелдің тәжірибесіне зейін салсақ, 3-5 пайыз экономикалық өсу байқалғанда халықтың ақшалай табысы да сол деңгейде өсіп отырады. Ал бізде, өкінішке қарай, мұндай үдеріс 100 пайызға байқалмайды. Кейде болады да, кейде керісінше түсіп кетіп жатады. Сондықтан бұл уақтылы отставка деп ойлаймын. Осы экономикалық өсу мен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартудың арасында бір пазл, жұмбақ бар. Сол жұмбақты Әлихан Смайылов үкіметі таба алмай кетті. Уақтылы отставка деп отырғаным сол.
- Ә.Смайыловтың қолынан келмеген шаруаны кімге тапсыруға болады деп есептейсіз?
- Расын айтсам, Қазақстан халқының арасында білімді, ақылды, өте жауапты кісілер бар. Әрине, олардың бәрі мәселені шешеді деп те айта алмаймыз. Меніңше, жаңа Үкіметті қалыптастырғанда басқа бір әдісті қолданған дұрыс сияқты. Оның бір өлшемі бар. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлының кезінде айтқан бір жақсы сөзі бар екен: «Үкімет, ел басқаратын адам халық шаруашылығын (қазіргі тілмен экономика ғой) өте терең біліп, жақсылықтың диханшысы болу керек». Ал Әлихан Бөкейханов: «Халықтың мінез-құлқын, әдеттерін білмейтін кісінің Үкімет басқаруға хақысы жоқ».
Меніңше жаңа Үкіметке, біріншіден, кванттық экономика әдістерін білетін мықты мамандар керек. Өкінішке қарай, қазіргі үкіметте ондай жоқ. Кванттық экономика керек деп отырғанымыз, біздің экономиканың әр түрлі саласында, түрлі министрліктердің, әкімдіктердің жұмысында бытыраңқылық, энтропия байқалады. Бірінші соны айқындау керек. Бұған дейінгі Үкіметтің іс-қимылында осы бытыраңқылықты бір жүйеге айналдырудың тәсілі болмады.
Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев былтырғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында Үкіметке экономиканы екі есе ұлғайту туралы тапсырма берді. 2023 жылдың қорытындысын қарасақ, экономика 5 пайызға өскен сыңайлы. Ал бірақ кейбір көрсеткіштер ондай өсімге лайықты деп айта алмаймыз, көңіл толатындай емес. Әсіресе, әлеуметтік көрсеткіштер, сыртқы экономикалық көрсеткіштер, оның ішінде төлем балансының ағымдағы есеп-шоттары 8-9 млрд доллардай тапшылық берді. Бұл – өте қауіпті көрсеткіш.
Біздің есептеріміз бойынша, біздің экономика 14 «арқанға» байланып тұр, яғни ішкі жалпы өнімді одан сайын ұлғайтатын 14 кедергі болып тұр. Соны білетін, соны шешетін жаңа Үкімет керек.
Ол кедергілердің қатарында мемлекеттік жоспарлау жүйесі ақша-несие саясаты, салық саясаты, бюджет саясаты, өңірлер мен орталықтың бюджетаралық қатынасын реттеу, сыртқы экономикалық саясат, төлем балансын реттейтін арнайы саясат сияқты 14 кедергіні шешу керек.
Бұлар бір жағынан қанды қаңтар оқиғасынан кейінгі қиын жағдайға келді, саяси-экономикалық ахуал күрделі болды. Сондықтан бұл Үкіметке қатты ренжуге де болмайды. Өйткені, осынау қиын, қысылтаяң кезде өздерінің әлеуметтік-экономикалық саясатын жүргізді.
- Ә.Смайылов бастаған министрлер кабинетінің басты үш қателігін, басты үш жетістігін атаңызшы.
- Бірінші қате, Мемлекет басшысы Жолдауында экономиканы екі есе ұлғайтуды тапсырды. Үкімет қалай жауап беру керек еді? Ә. Смайылов Үкімет экономиканы екі есе ұлғайту бағдарламасын әзірлеуі керек еді. Өкінішке қарай, 5-6 ай уақыт өтіп кетті, ондай қозғалыс байқалған жоқ.
Екінші қате, макроэкономикада кеңейтілген Үкіметтің шығындары деген ұғым бар. Осы шығындар мен экономиканың арасында корелляция, бір тығыз байланыс бар екен. Осы шығындар неғұрлым көп болса, экономикалық өсу қарқыны төмендеп кетеді екен. Бұған Қытай Халық Республикасының экономикасы, Дэн Сяопин реформасы дәлел. Біздің дерек бойынша, кеңейтілген Үкіметтің шығындары ішкі жалпы өнімге шаққанда 50 пайыздан асып кеткен екен. Мұндай жағдайда экономиканың өсу қарқыны 7 пайызға жетпейді, еш уақытта ондай өсімге бармайды. Тек мұнай бағасы күрт қымбаттаса ғана барады. Әлихан Смайылов Үкіметі бюджет саясатына дереу реформа жасауы керек еді. Оның ішінде мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың бюджетін ретке келтіру керек еді. Осы бағытта жұмыс баяу жүрді.
Үшінші қатесі, менің ойымша, бізде экономикалық өсу бар да, нәтижесін халық сезіне алмайды. Оның себебі, бізде экономикалық реформаның екі пакеті жоқ екен. Бірінші пакет – құрылымдық реформалар бағдарламасы. Екінші пакет – экономикалық реформалар бағдарламасы. Ол не үшін керек десеңіз, бізде құрылымдық дисбаланстар пайда болды, яғни экономикамыз ірі бес секторға бөлініп кеткен. Солардың арасында қайшылықтар пайда болды. Сол қайшылықтарды шешетін құрылымдық реформа бағдарламасы керек еді. Осы үш қате осы Үкіметтің тағдырын шешіп кетті.
Үкіметтің жетістіктеріне келетін болсақ, сөз жоқ, соңғы 7-8 жылда болмаған экономикалық өсу байқалып, 5,1 пайызға жетті. Мұны жақсы бағалап, құрметпен қарау керек. Бұл – бұрын болмаған жетістік. Сондықтан Үкіметтің осы бір жетістігін ерекше айтар едім.
Екіншісін толық жетістік деп айтуға болмайды. Жартылай жетістік деген дұрыс шығар. Экономикалық қауіпсіздіктің басты қатері – инфляция, яғни бағалардың жаппай көтерілуі. Мысалы, 2022 жылмен салыстырғанда инфляция екі есе азайды. Сондықтан бұл Үкіметтің Ұлттық банкпен бірге істеген жұмыстарының нәтижесі деуге болады.
Үшінші атқарған жетістігі – телекоммуникация және ІТ қызметтерді экспорттау бағытында Қазақстан үлкен жетістікке жетіп жатыр. Бұл да – Үкіметтің еңбегі. Оны да ерекше атап өткен жөн.
- Сұхбатқа уақыт бөлгеніңізге рахмет!