Қайырымдылық қор құратын адамдарды алдымен оқытып, нұсқаулық беру ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде қайырымдылық қор қызметін заңмен реттеп, жауапкершілікті қатаңдату мәселесі көтерілді. Аталған ұсынысты Ұлттық волонтерлер фронт-кеңсесінің жетекшісі Айбек Досымбетов BIZDIÑ ORTA подкастында ортаға салды.

— Менің ойымша, қайырымдылық туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар керек. Қайырымдылық қоры ретінде құрылтайшылар өздері жиналып, заң аясында қабылдап тіркейді ғой, сол кезде оларды мемлекеттен қосымша оқытып, нұсқаулық берілу керек сияқты. Қайырымдылық қор ашқан кезде қаржымен жасайтын жұмыстың мемлекеттік деңгейде ережесі, стандарты болу қажет. Жылына бір рет, мүмкін екі рет аудитті шақырып, халыққа уақытылы ақпарат беріп отыру керек, — деді Айбек Досымбетов.
Оның айтуынша, қайырымдылық қорлар қызметі жайлы есепті ресми сайтта ашық жариялауы тиіс.
— Сол кезде қаржы ұйымдарынан баласына көмек сұрап келгенде, негізінен халық көмек сұрап көбіне қорларға барады. Өйткені, көбісі халықты хабарландырып, қаржы жинап үлгермейміз, мүмкін емес деп ойлайды. Сондықтан да қорларға жүгінеді, волонтерлік орталықтарға да хабарласып жатады. Өйткені, волонтер деген сөзді қайырымдылық жасайды деп қабылдайды, біз бұл жағдайда қайырымдылық қорларына қарай бағыттаймыз, өйткені қаржылай қорлар көмек береді. Ата-анадан баласының еміне көмек туралы өтініш келіп түскенде, баласының емі қанша тұрады, қанша қаржы керек, емі қайда өтеді деген мәселені дәрігерлердің берген қорытындысына қарап, саралап барып, есепшот ашып қаржы жинаудың жүйесі болу керек, — дейді ол.
Осыған дейін Айбек Досымбетов волонтерлердің жұмысына теріс көзқарас қалыптасып жатқанын айтқан еді.