«Қайрақ» шекара бекетінде халықтың Кеден одағы құрылғандығының артықшылықтары мен жемісін көрулері үшін барлық жағдай жасалған - ҚР Премьер-Министрі

Кеден одағы аясында құрылған кеден, шекара және салық қызметінің жұмысымен танысты.
Үкімет басшысымен бірге аймақ әкімі Сергей Кулагин, Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Кәрбозов, ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин, ҰҚК шекара қызметі директорының бірінші орынбасары Талғат Есетов және Қостанай облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің бастығы Жасұлан Ахметов жүрді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мен Кеден одағы аясындағы Ресей Федерациясымен шекаралас шекара пункттерінің жұмысымен таныстым. Жұмыс жақсы ұйымдастырылған деп есептеймін. Халық Кеден одағы құрылғандығының артықшылықтары мен жемісін көрулері үшін барлық жағдай жасалған», - деді брифингте Үкімет басшысы.
«Қазақстан - тәуелсіз мемлекет және тәуелсіз болып қала бермек. Сондықтан мемлекеттік шекара сақталады. Әңгіме тек кедендік аумақ туралы болып жатыр», - деп атап өтті К.Мәсімов.«Қайрақ» шекара бекеті ҚР шекарасында Қостанай қаласынан 170 шақырым жерде орналасқан. Ол ұзындығы 300 шақырымға созылып жатқан Ресей Федерациясымен шекаралас аумақты қадағалайды. «Қайрақ» бекеті 1993 жылы құрылған, маңыздылығы және жүк тасымалы бойынша ҚР-дағы шекара бекеттерінің алғашқы үштігіне кіреді.