Қайрат Әбдірахманов Сирия қақтығысын реттеудегі Астана процесінің мәнін түсіндірді
«Астана процесі аясындағы уағдаластық Сириядағы ахуалды реттеудің бір ғана сегментіне, анығырақ айтқанда 2016 жылдың желтоқсанындағы соғыс іс-қимылдарын тоқтату және соның негізінде құрылған деэскалация аймағы негізіндегі нақты режимге қатысты» , - деді Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген сұхбаты барысында.
Министрдің атап өтуінше, Астана процесі аясында Иран, Ресей және Түркия арасында қол жеткізілген уағдаластықтарға баға берген кезде дәл осы түсінікке баса назар аударған жөн. Бұл ретте аталған уағдаластықты орындаушы тарап ретінде жоғарыдағы кепілгер елдермен қатар Сирия Араб Республикасы Үкіметі мен екі мыңнан астам елді мекенді қамтитын сириялық қарулы оппозицияның бірнеше ондаған тобының да қатысатындығын қаперге алу қажет.
«Сондықтан да Астана процесі мен өткен келіссөздердің сегіз раундының мәнін бағалау өте қиынға соғады. Соғыс іс-қимылдарын доғару үшін жағдай жасау бойынша негізгі міндеттер шешілді. Сирия Үкіметі мен қарулы оппозиция өкілдері дәл осы Астанада келіссөздердің бір үстелі басына отырды. 2017 жылдан бастап зорлық-зомбылық деңгейі мен бейбіт тұрғындар арасындағы өлім-жітім түбегейлі төмендеді. Соғыс іс-қимылдарын тоқтату режімін сақтау мониторингінің тетіктері енгізілді. Сенімнің нақты бір шаралары жолға қойылды. Толықтай алғанда, өткен жылдың ішінде гуманитарлық ахуалдың жақсара бастауы байқалды», - деді Қайрат Әбдірахманов.
Осы ретте Қазақстан Сыртқы істер министрі Шығыс Гутадағы бейбіт тұрғындардың, оның ішінде әйелдер мен балалардың зорлық-зомбылыққа ұшырауына қатысты оқиғалардың жиілеп кетуіне алаңдаушылығын білдірді.
«Қазақстан сириялық жанжалдың тезірек реттелуіне мүдделік танытып отырған барлық тараптарды, оның ішінде Сирия үкімет мен қарулы оппозицияны соғыс іс-қимылдарын тоқтату режимін толықтай сақтауға шақырады. Халықаралық ұйымдар мен олардың гуманитарлық миссияларына Шығыс Гутадағы ахуалды еш кедергісіз саралауына мүмкіндік беру барынша маңызды», - деді ол.
Қайрат Әбдірахманов 2018 жылдың наурыз айының ортасында жоспарлаған Астана процесіне қатысушы кепілгер елдердің Сыртқы істер министрлері кездесу барысында Сирия аумағындағы бітімгершілік пен деэскалация аумағы туралы уағдаластықтың қатаң орындалуы бойынша қосымша конструктивті шаралар қабылдайтындығына сенім білдірді.
«Кепілгер елдер өздерінің беделдерін сала отырып, Сирияның Үкіметі мен қарулы оппозиясына тұтқындарды, қаза болғандардың мүрделерін өзара беру жолымен сенім шараларын одан ары нығайтуға бағытталған алғашқы шынайы қадамдардың орын алуына себепкер болады деп күтеміз. Толықтай алғанда, Астана процесі Сирия жөніндегі БҰҰ-ның, оның ішінде аталған елдегі жанжалды негізгі реттеуші саналатын Астана тұғырнамасы аясындағы күш-жігерді қолдауда тиімді тетік ретінде өзін толықтай көрсете алды. Бұған қоса, 2015 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Нью-Йоркте ұсынған БҰҰ қамқорлығындағы Жаһандық лаңкестікке қарсы коалициясын құру үшін барлық мүдделі елдердің күш-жігерін шоғырландыру да маңызды», - деді Қазақстанның Сыртқы істер министрі.