«Қайрат» әлемдегі үздік футбол клубтарының қатарына енді

АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық футбол тарихы және статистикасы федерациясы (IFFHS) әлемдегі ең үздік 500 футбол клубының жаңартылған рейтингін жариялады. 

«Қайрат» әлемдегі үздік футбол клубтарының қатарына енді
Фото: instagram/f.c.kairat

Аталған тізімге Қазақстаннан тек алматылық «Қайрат» футбол клубы енді. Клуб 90,75 ұпаймен 240-орынды иеленді.

Рейтингтің көшін Францияның «Пари Сен-Жермен» клубы бастады. Екінші орында — мадридтік «Реал», ал үшінші орынға — лондондық «Челси» тұрақтады.

Бұған дейін «Қайрат» қақпашысы Темірлан Анарбековтің беделді рейтингте Килиан Мбаппеден озып шыққаны хабарланған болатын.

Беделді SofaScore футбол порталы 2025/26 маусымындағы УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің алтыншы турынан кейін футболшылардың жаңартылған рейтингін жариялады. Бұл рейтинг футболшылардың ойын статистикасына негізделген.

Аталған тізімде Темірлан Анарбеков ең жоғары бағамен көш бастады. Ол жалпы кезеңде төрт матчқа («Пафос», «Копенгаген», «Олимпиакос» және «Интер» клубтарына қарсы) қатысып, сарапшылардан ортақ есеппен 8,9 балл алды.

Екінші орында мадридтік «Реалдың» шабуылшысы Килиан Мбаппе (8,34 балл), ал үшінші орынға «Галатасарай» клубының ойыншысы Виктор Осимхен (8,33 балл) жайғасты.

Айта кетейік, Темірлан Анарбеков — Чемпиондар лигасында матчтың үздік ойыншысы (MVP) атанған алғашқы қазақстандық футболшы. Ол бұл жетістікке алтыншы турда, Астанада өткен грек клубы «Олимпиакоспен» матчтан кейін қол жеткізді.

Соңғы жаңалықтар