Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған Алмалы сауда орталығында балаларға арналған музей ашылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматы әкімдігінің алдында орналасқан “Алмалы” сауда орталығында енді балаларға арналған Ғылым музейі құрылады. Бұл туралы қалалық мәслихаттың кезектен тыс ХХV сессиясында Алматы әкімі Ерболат Досаев айтты.

Қала басшысының айтуынша, тиісті жұмыстар 2025 жылы басталады. Оған қала бюджетінен 12 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.
— Мемлекет басшысының қолдауын ескере отырып, 2025 жылдан бастап Алматыда бұрынғы «Алмалы» сауда орталығының базасында Science Museum Singapore-мен бірлесіп, балаларға арналған ТМД-дағы алғашқы Ғылым музейін құру жұмыстары басталады. Бұл мақсатқа қала бюджетінен 12,2 млрд.теңге бөлу жоспарланған, — деді Ерболат Досаев.
Еске салайық, былтыр Қайрат Боранбаев «Алмалы» сауда орталығы мен бірқатар нысанды мемлекетке бергенін жазғанбыз.
Сондай-ақ Алматыда қанша ғимарат мемлекетке қайтарылып, аукционда сатылғанын жазған едік.