«Қайрат» чемпиондыққа таласты жалғастырады
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматылық «Қайрат» футбол клубы Қазақстан Премьер-лигасының ХХV турында «Ордабасы» командасын жеңіп, чемпиондық таласты жалғастыратын болды.
Биыл алматылық команда көп жылдан кейін бас жүлдеге қол жеткізуге жақын тұр. Олар чемпиондыққа таласты елордалық «Астана» екеуі қыздыра түсті.
Бүгін алматылық команда жеңіліп немесе тең түсіп қалған жағдайда басты қарсыласының алтын медаль алуына мүмкіндік жасар еді. Сондай-ақ «Ордабасы» да әлі чемпиондықтан күдер үзген жоқ болатын.
Кездесу барысында алматылық команда сапынан Элдер Сантана 42-минутта есеп ашса, шымкенттік клубтан Еркебұлан Тұңғышбаев 75-минутта таразы басын теңестірді. Алайда 85-минутта «Қайрат» сапынан Олжас Байбек жеңісті голды соқты. Осылайша «Қайрат» қарсыласын 2:1 есебімен жеңіп, турнир кестесінде 44 ұпаймен бірінші орынға көтерілді. Сол арқылы чемпиондыққа таласты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Олардан бір ойын кем өткізген «Астананың» 43 ұпайы бар. Елордалық клуб 3 қарашада сырт алаңда «Тобылмен» ойнайды.
Аталған турда бүгін Петропавлдың «Қызылжары» өз алаңында қызылордалық «Қайсарды» 6:2 есебімен қапы қалдырды.
Енді 3 қарашада «Шахтер» (Қарағанды) мен «Ақтөбе», «Тұран» (Түркістан) мен «Жеңіс» (Астана), «Жетісу» (Талдықорған) мен «Атырау» ойнайды.
Еске салсақ, «Астана» командасы ел біріншілігінің кейінге қалдырылған 17-турында «Атырауды» жеңіп, көш басына шыққан еді.