«Қайрат» елордада «Астананы» жеңіп кетті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 6-турында «Қайрат» «Астананы» жеңіп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алтыншы турдағы тағы бір кездесу елордада «Астана» мен Алматының «Қайраты» арасында өтті.

Жанкүйерлер екі команда кездесуін асыға күтеді. Еліміздің екі ірі қаласының клубтары жылма-жыл осылайша өзара бәсекеге түсіп жатады.

Биылғы біріншілікте «Астана» команда құрамын күшейтсе, «Қайрат» негізінен өз академиясында тәрбиеленіп шыққан жастарға үміт артып отыр.

Кездесу барысында алматылық клуб жылдам гол соғып кетті. Елордалық қорғаушылар қателігін пайдаланып кеткен Жоао Паоло 3-минутта алматылық клубты алға шығарды. Алаң иелері таразы басын теңестіруге ұмтылды. Соған қарамастан таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.

Екінші кезеңде елордалық клуб ойыншылары гол соғуға ұмтылды. Есесіне 55-минутта Жоао Паоло «Қайраттың» басымдығын арттырды. Ал алматылық клубтан Дмитрий Сергеев 86-минутта қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша «Қайрат» сырт алаңда «Астананы» 3:0 есебімен басым түсті.

Енді аталған турда «Ордабасы» мен «Тобыл» командалары ойнап жатыр.

Аталған турда бүгін «Қызылжар» «Ақсуды» 2:0, «Ақтөбе» «Атырауды» 4:0 есебімен тізе бүктірді.

Еске салсақ, 15 сәуірде «Қайсар» «Жетісудан» 2:0 есебімен басым түссе, «Каспий» «Оқжетпесті» 2:1, «Шахтер» «Мақтаралды» 3:0 есебімен жеңді.


Соңғы жаңалықтар
telegram