«Қайрат» ФК атауы жоғары партиялық деңгейде бекітілген - Қ.Әлімғазинов

«Қайрат» футбол командасының атауы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімімен тығыз байланысты. Өйткені тарихи құжаттарға көз жүгіртетін болсақ, Димаш Ахметұлының футболды өте жақсы көрген, спорттың осы түріне ерекше көңіл бөлгенін. Сондықтан «Қайрат» командасының қалыптасуына, жоғары деңгейде өнер көрсетуіне жоғары партиялық деңгейде қолдау көрсетілді. Бұл туралы арнайы шешімдер, қаулылар қабылданды. 1954 жылы алматылық «Динамоның» негізінде «Локомотив» клубы құрылды, 1955 жылы бұл команда «Урожай» спорт қоғамы болып өзгертілді. Ал 1956 жылы «Урожай» ерікті спорт қоғамы колхозшылардың республикалық спорттық қоғамы - «Колхозшымен» біріктіріліп, ҚазКСР-нің «Қайрат» Ерікті ауылдық спорттық қоғамы болды. Осыған қатысты өткен пленумда жаңа команданың атауына байланысты түрлі ұсыныстар түскен. Мысалы, «Егінші», «Тұлпар», «Өнім», «Алтын дән», «Жастар», «Күресші» деп атау туралы ұсыныстар айтылды. Бір қызығы, олардың ішінде ешкім «Қайрат» деген атауды ұсынбаған. Көп ұзамай, 1956 жылдың 18 маусымында өткен пленумның қорытындысы бойынша қабылданған қаулыда ұсынылған атаулар емес, «Қайрат» атауы бекітілді», - деді Қ.Әлімғазинов.
Бүгінгі шараға жиналған «Қайрат» командасының ардагерлері де бірауыздан бұл атау туралы шешім ең жоғары партиялық деңгейде қабылданғандығын алға тартты.
«Қайрат» футбол клубы: халық командасынын тарихынан» деп аталатын бұл тарихи-құжаттық көрмеге Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатының қорынан Алматы қаласындағы футбол командаларының құрылу, қалыптасу тарихын және жетістіктерін айқындап, ашып көрсететін мұрағаттық құжаттар, фотосуреттер, экспонаттар тұңғыш рет көпшіліктің назарына ұсынылды.