«Қайрат» футзалдан Чемпиондар лигасы 1/4 финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін, 5 желтоқсанда футзалдан UEFA Чемпиондар лигасы 1/8 финалында қазақстандық «Қайрат» қарымта ойынын өткізді.
Жарыстың аталған сатысындағы алғашқы кездесуде алматылық клуб сырт алаңда Бельгияның «Андерлехт» клубын 7:3 есебімен тізе бүктірген еді.
Соған қарамастан қазақстандық команда алғашқы минуттан тізгінді өз қолында ұстауға тырысты. Ойынның 10-минутында «Қайрат» сапынан Жахангир Рашит есеп ашты. Дегенмен одан кейін алматылық ұжым қақпасына қатарынан екі гол жіберіп алды. Алдымен Эду Боржеш 15-минутта таразы басын теңестірсе, 18-минутта тағы да көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Екінші кезеңде Бірхан Оразов 23, 32-минуттарда мергендік танытса, 36-минутта алматылық клуб қақпашысы Жоао Паоло бос қалған қақпаға гол енгізді.
Ойынның 39-минутында бельгиялық клубтан Стивен Диллин есеп айырмасын қысқартса, одан кейін алматылық командадан Аттирсон Силва қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша «Қайрат» қарсыласынан 5:3 есебімен басым түсіп, жарыстың келесі сатысына шықты.
Енді еліміздің атынан қазақстандық «Семей» Францияның «Этуаль» клубымен қарымта ойын өткізеді. Семейде өткен алғашқы кездесуде ойын 3:3 есебімен тең аяқталды.
2026 жылдың 23 ақпаны мен 6 наурызы аралығында командалар сол ереже бойынша ширек финалда сынға түседі.
Финал 2026 жылдың мамыр айында Италияның Песаро қаласында өтеді. Онда төрт команда шеберлік байқасады. Алдымен жартылай финал болса, одан кейін финал мен 3-орын үшін ойындар өткізіледі.