«Қайрат» футзалдан Чемпиондар лигасы элиталық сатысына шықты

футзал
Фото: Pixabay

Футзалдан қазақстандық «Қайрат» клубы Чемпиондар лигасының негізгі сатысындағы үшінші ойынын Испанияның «Пальма» командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды Kazinform.

«Қайрат» үшінші топта сынға түседі. Қарсыластары - Испанияның «Пальма», Венгрияның «Халадаш» және Люксембургтің «Дифферданж» командалары.

Испаниялық клуб - Еуропадағы тәжірибелі ұжымның бірі. Өткен жылы Чемпиондар лигасында бас бәйгеге ие болды.

Сондықтан бірінші кезеңде испаниялық футзал шеберлері Ромуло 2, Бруно Гомес 14, Фабиньо 15-минутта «Қайрат» қақпасына үш гол соғып үлгерді.

Екінші кезеңде «Пальма» сапынан Клебер автогол авторы атанса, «Қайрат» ойыншысы Кайо Руис 29-минутта есеп айырмасын қысқартты.

Ал «Пальма» сапынан 38-минутта тағы бір гол соғылса, 39-минутта алматылық Дәурен Тұрсағұлов қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша «Қайрат» қарсыласына 3:4 есебімен есе жіберді.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Қайрат» Люксембургтің «Дифферданж» клубын 4:2 есебімен сүріндірсе, Венгрияның «Халадаш» командасымен 2:2 есебімен тең ойнады.

Бұл топтан «Пальма», «Қайрат», «Халадаш» элиталы сатыға жолдама алды.

Элиталық саты ойындары биылғы 28 қараша - 3 желтоқсан аралығында өтеді.

Айта кетсек, аталған сатыда қазақстандық «Аят» жарыс жолынан шығып қалды.

 

Соңғы жаңалықтар