Қайрат Мәми сот ісін жүргізу тілінің еркін таңдалуын қатаң сақтауды ескертті

Оның жұмысына Жоғарғы Соттың алқа төрағалары мен судьялары, Ғылыми-консультативтік кеңес мүшелері, Конституциялық кеңес, Бас прокуратура, министрліктер мен ведомстволар өкілдері қатысты.
Қайрат Мәми отырысқа қатысушылардың назарын республика судьяларының VII съезінде Мемлекет басшысы белгілеген құқықтық айқындылық деңгейін арттыру, тұрақты әрі болжамды сот практикасын қалыптастыру міндеттерін іске асыру қажеттігіне аударды. Жоғарғы соттың нормативтік қаулылары дәл осы міндетті шешуге бағытталып отыр.
Күн тәртібіне сәйкес Жоғарғы соттың бес нормативтік қаулысының жобасы талқыланды.
«Сот ісін жүргізу тілі принципін қолданудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының жобасын ұсына келе, Қ.Мәми: «Қылмыстық қудалау органдары әдетте тергеу іс-шараларын жүргізу және құжаттарды әзірлеу барысында орыс тілін қолдануға басымдық береді. Осы ретте, олар қылмыстық қудалауға тартылған адамдардың сот ісін жүргізу тілін жеткілікті білмейтіндігіне мән бермей, осылайша олардың құқықтары мен қылмыстық-процестік заңнама талаптарын бұзады», - деп атап өтті.
Одан әрі Қ.Мәми сот ісін жүргізу тілін еркін таңдау принципін қатаң әрі нақты сақтау сот қорғауының қолжетімділігін қамтамасыз етіп қана қоймай, істің мән-жайын дұрыс анықтауға, заңды әрі негізделген сот шешімін шығаруға ықпал ететіндігіне тоқталды. Сондықтан да осы саладағы құқық қолдану мәселелерін түсіндіру сот практикасы үшін зор маңызға ие.
Жоғарғы Сот судьясы Бағлан Мақұлбеков осы нормативтік қаулының жобасы Жоғарғы Соттың бастамасымен әзірленгенін айтты. Судьяның пікірінше, Азаматтық процестік, Қылмыстық процестік және Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстерде сот ісін жүргізу туралы мәселе толық қамтылмаған. Азаматтық істер бойынша тараптар, тергеуде жүрген адамдар мен сотталушылардың өздері көп жағдайда сот ісін жүргізу тілі принципінің сақтамайтындығы, сот ісін жүргізу тілін таңдауға қатысты олардың өз құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына жол беретіндігі айтылды. Нормативтік қаулы басты мәселелердің бірі - АПК-нің 14-бабының талаптарына сәйкес сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді деген қағидадан туындайтындығын түсіндіреді.
Жоғарғы сот төрағасы «Соттардың қылмысқа қатыстылық пен қылмыстық құқық бұзушылыққа дем берушілік үшін жауаптылық туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулының маңыздылығын айта келе, бұл жоба 2016 жылғы 5 тамызда Президент Әкімшілігінде өткен кеңеске қатысушылардың экстремизм мен терроризмге қатыстылық үшін жауаптылықты күшейту туралы шешіміне сәйкес әзірленгенін атап өтті.
Ол Мемлекет басшысының қазіргі таңда терроризмнің қаупі біздің халықаралық қауіпсіздік туралы түсінігімізді түбегейлі өзгерткені туралы айтқан ойын еске салды. Бұған әлемде, Алматы мен Ақтөбе қалаларында соңғы кездері орын алған оқиғалар дәлел болып табылады. Қ.Мәми терроризм мен экстремизм актілеріне дем берушілік пен қатыстылық үшін жауаптылық туралы заңнаманы дұрыс әрі біркелкі қолдануды қамтамасыз етуге бағытталғандықтан, аталған нормативтік қаулының сот практикасы үшін маңызы зор екендігін атап өтті.
Осы нормативтік қаулының жобасын таныстыра келе, Жоғарғы сот судьясы Әбдрашид Жүкенов жоба қылмысқа қатыстылықты анықтап, оның негізгі түрлерін, бірқатар адамдардың қылмысты хабарламағаны және оны күні бұрын уәделеспей жасырғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылмайтындығы туралы конституциялық қағидатты түсіндіреді. Нормативтік қаулыда адамның әзірленуі өзіне нақты белгілі болған немесе жасалған қылмыстық құқықбұзушылық туралы фактілерді хабарламағандығын, осылайша өзінің азаматтық және моральдық борышын орындамағандығын анықтаған жағдайда судьялар жеке қаулы шығару арқылы осы мәліметті тиісті ұйымдардың назарына жеткізуге құқылы екендігі көрсетілген.
Адамның әзірленіп жатқан немесе жасалған қылмыстық құқықбұзушылықтар туралы нақты белгілі ақпаратты уақытылы хабарлау арқылы сот төрелігіне көмектесудің барлық жағдайларында соттар жеке қаулы шығару арқылы тиісті ұйымдардың алдына аталған адамды көтермелеу қажеттігі туралы мәселені қоюы керектігі айтылды. Қылмысты жасырып қалу, қылмыс жасаған адамның қылмысты, оның құралдары мен қаруларын, қылмыстың іздері мен өзге де дәлелдемелерді жасыру тәсілдері ұғымдарының мәні ашып көрсетілді.
Жоғарғы сот судьясы Денис Шипп «Соттардың Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің Жалпы бөлігін қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулыны таныстыра келе, Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы заңнама құрамы мен ондағы халықаралық шарттардың орны, ӘҚБтК-дегі олқылықтың бар екендігін атап өтті. Нормативтік қаулы соттарға осы олқылықтарды сот төрелігі туралы конституциялық нормалармен және адам мен азаматтық құқықтары туралы әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы заңнама принциптерімен толықтыруға ұсыным береді.
Соттарға заңсыз қаулыны қайта қарау барысында сот сатысы осы қаулыны орындау мен байланысты болуы мүмкін еместігін түсіндіреді. Ескерту өндіріп алудың жеткілікті шарасы болып табылатындықтан, кез келген қосымша өндіріп алу Ерекше бөлімнің баптарының санкцияларында көзделген өзге де негізгі өндіріп алуды, мәселен әкімшілік айыппұлды тағайындау барысында ғана қолданылуы тиіс екендігі айтылды. Нормативтік қаулы құқықбұзушылық субъектілерінің жекелеген санаттарына әкімшілік қамауға алуды қолданудың мүмкін еместігі жағдайында егер ӘҚБтК-нің 42-бабының 2-бөлігінде негізгі әкімшілік өндіріп алу ретінде осындай өндіріп алу шараларын қолдануға жол берілетін болса, қосымша өндіріп алуды қолдануға болатындығын түсіндіреді. Бұған қоса, жобада өндіріп алудың өзге де шараларын қолдану, арнайы құқықтан айыру мерзімдерін есептеу, жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың қызметіне тыйым салу немесе тоқтатуды тағайындау тәртібі түсіндірілген.
Жоғарғы соттың судьясы Ерден Әріпов «Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 6-бабын қолдану жөніндегі сот практикасы туралы» нормативтік қаулының жобасын таныстырды. Жоба қылмыстылықты немесе әрекетті жазалауды болдырмайтын, басқаша айтқанда, қылмыстық құқықбұзушылықты жасаған тұлғаның жағдайын жақсартатын заңдар, декриминализациялау ұғымдарын, сондай-ақ жауаптылықты немесе жазаны жеңілдететін нормаларды түсіндіреді. Нормативтік қаулыда сотқа дейінгі тергеу органы, бірінші, апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттар өздерінің қарауында жатқан қылмыстық істер бойынша кері күшке ие заңды тікелей қолданатындығы айтылған. Осы ретте, егер жаңа қылмыстық заң қылмыстылықты немесе әрекетті жазалауды болдырмаса, онда ҚПК-нің 35-бабының 1-бөлігінің 6-тармағының талаптарына сәйкес іс қай кезеңде қаралып жатқандығына қарамастан, осы негіздер бойынша өндірістен қысқартылуға жатады.
Осы орайда егер адам жасаған әрекет неғұрлым ауыр қылмыстық құқықбұзушылық санатына ауысса немесе қылмыстық құқықбұзушылықты жасаған адамның жағдайын басқаша ауырлатса, онда қылмыстық заңның кері күшінің болмайтындығы туралы түсіндірме беріледі.
Жоғарғы соттың судьясы Ербол Рахымбеков «Соттардың қылмыстық істерді қысқартылған тәртіппен қарауы туралы» нормативтік қаулының жобасын таныстыра келе, сот төрелігінің тиімділігін арттырудың кез-келген мемлекеттің табысты дамуының қажетті шарты болып табылатындығын атап өтті. Е.Рахымбеков заңнамада болған, бірақ жаңа ҚПК-нің 2014 жылы күшіне енуіне байланысты өзгерістерге ұшыраған сот тергеуінің қысқартылған тәртібін жоғарыда аталған жағдайға қол жеткізетін тәсілдің бірі деп атап өтті.
Нормативтік қаулының жобасында, атап айтқанда қандай құқықбұзушылықтың айтарлықтай және басты сот талқылауын тағайындауға кедергі жасайтындығы, басты сот талқылауында анықталған қандай кемшіліктер сотқа оларды жою үшін істі прокурорға жіберуге негіз беретіндігін түсіндіреді.
Жалпы отырысқа қатысушылар нормативтік қаулылардың жобаларын талқылап, оларға ұсыныстар мен ескертпелер енгізді. Аталған қаулылар редакциялық түзетулер енгізілгеннен кейін жалпы отырыста бекітілетін болады.