Қайрат Нұрдәулетов «Оқжетпес» тізгінін ұстады
АСТАНА. KAZINFORM — Қайрат Жұмабекұлы Нұрдәулетов «Оқжетпес» футбол клубының бас бапкері атанды.

Қайрат Нұрдәулетов 1982 жылы дүниеге келген. Кәсіби ойыншы ретінде «ЦСКА-Қайрат», «Есіл-Богатырь», «Ертіс», «Қайрат», «Тобыл», «Астана» және «Қайсар» командаларында ойын көрсетті.
Футболшы мансабын аяқтағаннан кейін ұлттық құраманың жаттықтырушылар штабына енді. Кейін Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері қызметін атқарды.
2023 жылы Түркістан облысының «Мақтарал» клубында бас бапкер міндетін атқарып, аталған ұжымның Премьер-лигадағы орнын сақтап қалуға үлесін қосты.
Одан кейін Талдықорғанның «Жетісу» командасының бас бапкері болды. Оның жетекшілігімен команда 11-орынға тұрақтады.
Биыл павлодарлық «Ертіс» командасы бас бапкері болып, мамыр айында өз еркімен қызметтен кетті.
— Еврокубокке шығу — мақсатымыздың бірі болмақ. Ең аз дегенде турнирлік кестедегі орынды сақтап қалуымыз керек. Бұрынғы бас бапкер мен бапкерлік құрамның керемет нәтижесін сақтай отырып, алдағы өтетін матчтарда тек жеңіске жету — басты міндет, — деп жазылған «Оқжетпес» командасы таратқан хабарламада.
Айта кетсек, бұдан бұрын Андрей Ферапонтов «Оқжетпес» командасы бас бапкері қызметінен кетті.