«Қайрат» пен «Левски» матчы: Түркістанда бірқатар көшеде көлік қозғалысы уақытша өзгереді
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Бүгін Түркістан қаласындағы «Түркістан Арена» стадионында УЕФА Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясында «Қайрат» пен «Левски» командалары арасында матч өтеді.
Осыған байланысты қаладағы 24, 9 және 11-көшелерде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. Сондай-ақ 9 және 11-көшелердің бойына автокөлік қоюға тыйым салынады.
– Жүргізушілерден көліктерін көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына, «Достық үйі», Halyk Bank, Мұз сарайы және №32 мектеп аумағындағы автотұрақтарға қоюды сұраймыз, – деп хабарлады Түркістан облысы полиция департаменті.
Сондай-ақ полиция жол қозғалысы ережелерін сақтап, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңды талаптарына түсіністікпен қарауға шақырды.
Айта кетейік, бүгін қазақстандық «Қайрат» (Алматы) UEFA Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінде «Левски» (София, Болгария) командасымен қарымта ойынын өткізеді.
Бұған дейін «Қайрат» пен «Левски» матчы алдында полиция жанкүйерлерге үндеу жасағанын хабарлаған едік.