«Қайрат» пен «Реал Мадрид» кездесуіне билет сатылымы басталды: кезекте 120 мыңнан астам адам тұр
АСТАНА.KAZINFORM — «Қайрат» футбол клубының және Ticketon сервисінің ресми сайттарында Алматыда өтетін Чемпиондар лигасы аясындағы «Қайрат» пен «Реал Мадрид» кездесуіне билет сатылымы басталды, деп хабарлайды Kazinform.

Орталық стадионның сыйымдылығы 23 мың ғана жанкүйерге арналғанымен, билетке сатылым ашыла салысымен Қазақстан чемпиондары мен Еуропаның рейтингі жоғары клубы арасындағы ойынға 50 мыңнан астам адам билет алғысы келген. Сату басталғаннан бес минут өткенде 79 468 пайдаланушы онлайн билет кезегіне тұрды.
Алты минуттан кейін «Қайрат» футбол клубының сайты билеттерді сатып алғысы келетіндердің ағынына байланысты жұмысын тоқтатты.
Кезекте тұрған пайдаланушылар саны секунд сайын өсіп келеді. Сағат 17:07–дегі жағдай бойынша 129 мың пайдаланушы кезекте тұр.
Матч 30 қыркүйекте өтеді.
Бұған дейін Алматы полициясы билет сатып алуға қатысты ескерту жасаған болатын.