Қайрат — Реал Мадрид матчы: Алматының орталық стадионы ретке келтіріліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Алматының орталық стадионында Чемпиондар лигасы матчтарына дайындық жұмыстары қатаң кесте бойынша жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Спорт ғимараттары дирекциясы хабарлады. 

Қайрат — Реал Мадрид матчы: Алматының Орталық стадионы ретке келтіріліп жатыр
Фото: centralstadium.kz

Алматының орталық стадионы УЕФА-ның төртінші санатына ие. Бұл деңгей Чемпиондар лигасы мен өзге де еурокубоктердің жартылай финалына дейінгі ойындарын өткізуге мүмкіндік береді. Футбол алаңы, жарықтандыру жүйесі, киім ауыстыратын бөлмелер, командалар мен төрешілерге арналған аймақтар барлық талапқа толық сәйкес келеді. Сондай-ақ халықаралық матчтарды өткізуге құқық беретін сертификаттар да бар.

Дегенмен нысанда әлі де жөндеу мен жаңарту жұмыстарын жүргізу керек.

Дирекция өкілдері стадиондағы басты олқылықтар ретінде сынып қалған орындықтар мен ескі дәретханаларды атады.

— Стадион ескілеу, ал көрермендердің бір бөлігі нысан мүлкіне ұқыпсыз қарайды, — делінген хабарламада.

Дирекция орталық стадион алдағы «Қайрат» — «Реал Мадрид» ойынына толық дайын болатынын мәлімдеді. Атап айтқанда, қажетті жөндеулер жасалып, тазалық пен қауіпсіздікті сақтау шаралары күшейтіледі, халықаралық деңгейдегі ойындарды өткізуге қойылатын барлық талап орындалады.

— Әдетте матчтардан кейін орындықтардың бір бөлігі зақымдалады, сондықтан олар үнемі тексеріліп, ауыстырылып отырады. Қазір бұл мәселе қатаң бақылауда: креслоларды ауыстыру және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, аумақ абаттандырылды. Бұған дейін санитарлық-гигиеналық тораптарға (дәретханаларға — авт.) жеңіл жөндеу жасалса, қазір кешенді жөндеу басталды, — деп атап өтті Спорттық нысандар дирекциясы.

Еске салайық, бұған дейін Алматы полициясы қала тұрғындары мен қонақтарына алдағы өтетін Қайрат — Реал Мадрид футбол матчына билет сатып алу кезінде сақ болуды ескерткен еді.

Соңғы жаңалықтар