«Қайрат» – «Реал Мадрид» матчының билеттері 4 сағаттың ішінде сатылып кетті

АЛМАТЫ. KAZINFORM — 30 қыркүйекте Алматының Орталық стадионында өтетін Чемпиондар лигасының «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы матчына билет сатып алғысы келген жанкүйерлер дүрлігіп қалды, себебі 250 мың қолданушыдан тұратын жүйе істен шықты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

«Қайрат» – «Реал Мадрид» матчының билеттері 4 сағат ішінде сатылып кетті
Фото: Kazinform

Ресми түрде билеттердің 23 қыркүйек күні сағат 17:00–де сатылымға шығатыны жарияланған болатын, әрі тек онлайн режимде үш платформада ғана сатылатыны айтылды.

Билеттер сатылымға шығарылар алдында-ақ сайтқа кіру үшін қолданушылар электрондық кезекке тұруға мәжбүр болды. Сағат 17:00–де сайттарға кірушілер саны күрт көбейіп кетті.

Билеттер сатылымы басталғаннан кейін бір сағат ішінде:

• Freedom SuperApp қосымшасындағы кезек — 200 мыңнан астам,
• Ticketon платформасында — 100 мыңнан астам,
• Qairat SuperApp арқылы — 27 мыңнан астам қолданушы тіркелді.

Жалпы кезекте тұрғандар саны 300 мыңнан асып түсті.

Айта кету керек, Орталық стадионның сыйымдылығы — 23 804 орын. Бірақ бұрын жарияланғандай, билеттердің бір бөлігі клуб қызметкерлеріне, паралимпиадашыларға, академия тәрбиеленушілеріне және УЕФА өкілдеріне резервтелген. Сондықтан сатылымға тек 20 мыңнан сәл асатын билет қана шығарылған.

Әлеуметтік желілерде қолданушылар қолданбалар мен сайттардың жиі тұрып қалғанын, кезек келген кезде де жүйенің жұмыс істемей қалғанын, кей жағдайда жүйенің оларды кезек соңына қайта лақтырып жібергенін жазып, шағымданды.

Сағат 21:30–да барлық платформаларда «Қайрат — Реал Мадрид» матчының билеттері толық сатылып кеткені туралы хабарлама шықты. Жоғары сұранысқа байланысты барлық жанкүйерлердің билет сатып алуға мүмкіндігі болмады.

Еске сала кетейік, билет бағалары 30 000 теңгеден 250 000 теңгеге дейін өзгерген, бұл баға орынның секторына байланысты анықталған.

Соңғы жаңалықтар