Қайрат Сатыбалдыдан тәркіленген Kaisar Plaza екінші рет аукционға қойылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қайрат Сатыбалдыдан тәркіленген Kaisar Plaza сауда-кеңсе орталығын екінші рет сатылымға шығарылды.
«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС аукционға шығарылған нысанның бағасын бұл жолы 14 млрд теңгеге төмендеткен. Жалпы ауданы 63 920 шаршы метр болатын Kaisar Plaza орталығының қазіргі бағасы — 47 344 075 556 теңге.
Электрондық аукционның басталуы 2026 жылдың 10 шілдесінде сағат 12:00–ге жоспарланған. Басқарушы компания «Kaisar Plaza» сауда орталығынан бөлек, элиталық тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлерді, сондай-ақ зергерлік бұйымдар мен қол сағаттарды да саудаға шығарды.
Премиум санаттағы аксессуарлардың бастапқы құны 517,8 миллион теңгеге бағаланып отыр. Олар бойынша сауда-саттық 9 шілдеде өтеді.
Сондай-ақ 14 шілдеде үш пәтер саудаға шығарылады: екеуі «Парижский квартал» тұрғын үй кешенінде және біреуі «Green Village» тұрғын үй кешенінде орналасқан.
Еске салайық, Kaisar Plaza орталығы бойынша алғашқы аукцион 2026 жылдың 7 сәуірінде өтуі тиіс еді. Бастапқы бағасы — 61,5 млрд теңге болды.
Алайда электрондық аукцион басталған кезде нысан бойынша тіркелген сатып алушылардың болмауына байланысты аукцион өтпеді.