Қайраткер Смағұл Садуақасұлы мәйітінің күлі Астанаға әкелінеді

Қарсы алу рәсімінен кейін өтетін арнайы митингке И.Елекеев, А.Смайыл, Ж.Сүлеймен, Д.Қамзабекұлы, С.Қасымов, Қ.Айтуғанов, Ғ.Ожаров, С.Жақсыбай сынды ғалымдар мен С.Садуақасұлының жақын туыстары бастаған 80-ге жуық адам қатысады.
Қайраткер мәйітінің күлін жерлеу рәсімі қашан және қайда болатындығы туралы сан сұраққа осы істің басы-қасында жүрген азаматтар осында өтетін баспасөз коференциясы барысында жауап береді.
Естеріңізге сала кетейік, жуырда Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «Қайраткер Смағұл Садуақасұлы және Қазақстан отаншылдығы: елдік мұрат пен жауапкершілік» атты ғылыми-тәжірибелік конференция қорытындысында Алаш ардақтысының күлін елге ертерек алып келу мәселесі туралы үкіметке қарар жолданған болатын.
Оқу орнында өткен жиында осыдан 77 жыл бұрын қайраткер С.Садуақасұлы мәйітінің күлі Мәскеудің «Дон зираты» ("Донское кладбище") бас ғимаратының қабырғасына арнайы ыдысқа салынған күйінде қойылып, осы күнге дейін мұсылманша жерленбегені тілге тиек етілді. Басқосуда Алаш ардагерінің күлін туған жерге жеткізу керектігі жөнінде бірауызды тоқтам жасалды. Себебі, ертерек қамданбаса, Мәскеудегі күл қорабынан да айырылып қалу қауіпі туған еді.
20 жасында - ұлт жастарының көшбасшысы, 25 жасында білім мен мәдениетті үйлестірген Ағарту министрі болған Смағұл Садуақасұлының атқарған қызметі мен тындырған ісі қазақ қайраткерлігінің эталоны іспетті. Ол қазақ жастарының тұңғыш ұйымы «Бірлік» (1916-1918) пен «Жас азаматта» (1918-1919), Ақмола облыстық Алашорда комитетінде (1917-1920), Сібір төңкеріс комитетінде (1920), Кеңестік Күншығыс ұлттары жастарының орталық бюросында (1920), Қазақ автономиялық республикасының Жастар одағында (1920), Қазақ ОАК төралқасында (1920-1921), Бүкілресейлік ОАК-інде (1920-1921), Семей губернелік төңкеріс комитетінде (1921), Қазақ ОАК Түркістан автономиялық республикасы өкілдігінде (1921), Қазақ автономиялық республикасы Жоспарлау комиссиясында (1923-1924), Халық ағарту комиссариатында (1925-1927), Қазақ педагогика институтында (1927-1928) жауапты да жетекші қызмет атқарды. Жастай саясаттың өтінде жүріп, отаршылдармен күресті. Қызметте жүріп-ақ ол «Жас азамат», «Еңбекшіл жастар», «Кедей сөзі», «Еңбек туы», «Өртең» газеттері мен «Балапан», «Трудовая Сибирь», «Жас қазақ» журналдарында қосымша қызмет атқарып (кейбірін уақытша басқарып), 1924-1925 жылдары «Қызыл Қазақстан» (бүгінгі «Ақиқат») журналына, 1925-1926 жылдары «Еңбекші қазақ» (бүгінгі «Егемен Қазақстан») газетіне редактор болды.