«Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы ойындары Астанада өтеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – «Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасы аясында «Олимпиакос» және «Брюггемен» Астанада ойнайды.

футбол
Фото: Александр Павский/Kazinform

«Қайрат» футбол клубы УЕФА-мен бірлесе отырып, Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде «Олимпиакос» (9 желтоқсан), «Брюгге» (20 қаңтар) командаларына қарсы өз алаңындағы матчтарын «Астана Арена» стадионына көшіретінін хабарлады.

- Алматыдағы Орталық стадионда матчты қыста өткізу тәжірибесі көрсеткендей, төмен температура, шатырдың жоқтығы, қар жауу қаупі жанкүйерлер үшін қолайсыздық туғызып, алаң қызметін қиындатады. Көрермендерге жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау үшін матч жабық стадионда өтеді, - делінген клуб мәлімдемесінде.

Сондай-ақ алматылық клуб билет бағасы 15 000 – 50 000 теңге аралығында болатынын мәлімдеді. Билеттер 28 қарашадан бастап Qairat SuperApp және Freedom SuperApp мобильді қосымшаларында сатыла бастайды. Бір адамға екі билеттен артық рәсімдеуге болмайды.

Еске салайық, «Қайраттың» өз алаңындағы «Реал Мадрид» және «Пафос» командаларына қарсы ойындарда билет 30-250 мың теңге аралығында сатылды.

Соңғы жаңалықтар