«Қайраттың» чемпиондық құрамында қандай өзгеріс бар
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстан Премьер-лигасында топ жарып, клуб тарихында Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне алғаш рет жолдама алған «Қайраттың» құрамында 2025 жылдың қорытындысы бойынша бірқатар өзгеріс болды.
Ел біріншілігінде ғана емес, Еуропада аты шыққан алматылық команданың құрамында ауыс-түйіс кезеңі басталды. Бүгінге дейін «Қайрат» сапынан 5 ойыншы кетіп, әзірге бір легионер команда қатарын толықтырды. Келісімшарты аяқталған футболшылардың біреуі қазақстандық болса, қалған төртеуі – шетелдіктер.
Алдымен 37 жастағы бразилиялық шабуылшы Жоао Паулу жуырда төрт маусымға созылған қызықты кезеңнен кейін алматылық «Қайратпен» келісімшартын тоқтатты. Өткен маусым бұл шабуылшы үшін оңай болған жоқ – ол тізе жарақатына байланысты жасыл алаңға шығып, командаға көмегін тигізе алмады. Дегенмен, сұрмерген футболшының статистикасы көңіл көншітеді. Атап айтқанда ол «Қайрат» сапында 47 гол соғып, 24 нәтижелі пас берген. Бұған дейін бразилиялық ойыншы шымкенттік «Ордабасы» сапында 50 голдың өз атына жазды.
Бұдан соң алматылық команда 32 жастағы қақпашы Александр Заруцкиймен қоштасты. Ол клубқа 2025 жылдың басында қосылып, соңғы турларды қоспағанда ел чемпионатында негізгі қақпашы болды. «Селтикке» қарсы ойында жарақат алғанға дейін Чемпиондар лигасының іріктеуі кезеңіндерінде қақпаны қорғады. Жалпы «Қайрат» сапында 24 матч өткізіп, оның 9-ында қақпасына гол өткізген жоқ. Қазіргі кезде Заруцкий – «Ақтөбе» командасының ойыншысы.
Одан кейін 32 жастағы бразилиялық шабуылшы Элдер Сантана келісімшарт мерзімінің аяқталуына байланысты клубтан кетті. Сантана команда қатарына 2024 жылдың маусым айында қосылып, осы уақыт ішінде Қазақстанның екі дүркін чемпионы болған. Бірақ 2025 жылдың басында ауыр жарақат алып, маусымның соңына дейін қатардан шығып қалды. «Қайрат» сапында ол 31 матч өткізіп, 5 гол соғып, 3 нәтижелі пас берді.
Сондай-ақ «Қайрат» сапынан негізгі құрамдағы екі ойыншы кеткенін жазғанбыз.
Олар – 28 жастағы жартылай қорғаушы Гиорги Зариа мен 27 жастағы израильдік Офри Арад. «Қайрат» сапына 2024 жылдың басында қосылған Гиорги жалпы 59 матч өткізіп, 16 гол соқты және 11 нәтижелі пас берді. 2024 жылғы маусымда Қазақстан Премьер-лигасының үздік жартылай қорғаушысы атанды. 2025 жылы ол жарақатына байланысты біраз ойыннан тыс қалғанымен, ішкі біріншілік пен Чемпиондар лигасында өз үлесін қосып үлгерді.
Ал Офри «Қайратқа» 2023 жылы қосылып, бастапқыда орталық қорғаушы ретінде ойнады. Келесі маусымда жартылай қорғаушы позициясына ауысып, команданың маңызды ойыншыларының біріне айналды. Арад клубқа 2024 және 2025 жылдары Қазақстан чемпионы атануға, 2025 жылғы Қазақстан Суперкубогын жеңіп алуға, сондай-ақ Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шығуға көмектесті. «Қайрат» сапындағы соңғы матчында ол «Джузеппе Меацца» стадионында «Интердің» қақпасына гол соқты (1:2). Алматылық клуб құрамында үш маусым ішінде Офри Арад 92 матч өткізіп, 3 гол соғып, 10 нәтижелі пас берді.
Әзірге алматылық команда сапын финляндиялық жартылай қорғаушы Яакко Оксанен ғана толықтырды. 25 жастағы ойыншымен келісім 2027 жылғы желтоқсанға дейін жасалған.
2022 жылдан бері «Қайратқа» қосылған дейін Яакко «КуПС» командасында өнер көрсетті. Өткен маусымда ол 51 матч өткізіп, 4 гол соғып, 8 нәтижелі пас берген. Ол Финляндия ұлттық құрамасында 1 матч, U-21 жастар құрамасында 15 матч ойнап үлгерген. Еске салайық, жартылай қорғаушы «КуПС» құрамында «Қайратпен» UEFA Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде кездесті. Екі матчтың қорытындысы бойынша алматылықтар 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Айта кетейік, бұдан бұрын БАҚ пен әлеуметтік желілерде ресейлік қорғаушы Егор Сорокиннің клубтан кететіні туралы сыбыс тарады. Желідегі мәліметке сәйкес, ол қаңтар айындағы Чемпиондар лигасының ойындарында «Қайратқа» көмектесу үшін бір айға жаңа келісімшарт жасасқан. Содан кейін оның ұжымнан кетуі ықтимал. Сонымен қатар БАҚ беттерінде Беларус ойыншысы Валерий Громыконың түркиялық клубқа ауысуы мүмкін екені айтылды.
Еске салайық, 2026 жылдың жазында кәмелеттік жасқа толған соң, «Қайрат» академиясының түлегі әрі қазіргі құрамның жас жұлдызы Дастан Сәтпаев ресми түрде ағылшын командасы «Челсиге» ауысады.