«Қайраттың» жеңісі туралы кино түсіруге болады – спорт комментаторы
АСТАНА. KAZINFORM – Кеше түнде «Қайрат» футбол клубы Алматыда тарихи жетістікке жетіп, Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды. Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына сұхбат берген спорт комментаторлары ел футболындағы елеулі оқиға туралы айтып, ойыннан алған әсерімен бөлісті.

— «Қайрат» футбол клубының жеңісі отандастарымызды бір серпілтіп тастады. Бұл жетістікке жанкүйерлер ерекше қуанды. Оның ішінде комментаторлар мен спорт журналистері де бар. Әдетте мұндай ірі турнирлерді шетелдік комментаторлар жоғары деңгейде жүргізеді. Біз де соларға жетуге талпынып жүрміз. Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде тек шетелдік футболшылар ғана емес, қазақстандық ойыншылар да жақсы өнер көрсетті. Әсіресе алматылық клубтың академиясынан шыққан футболшылардың алаңға шығуы қуанышымызды еселей түсті, - дейді Бақдәулет Ерғали.

Ал, коментатор Равиль Ашығали бұл ойынның футбол жанкүйерлері үшін ғасырдан да ұзақ уақытқа созылғанын айтты.
— Ойынды 120 минут бойы тамашаладық. Кешегі түн қазақ футболының жанкүйерлері мен жанашырлары үшін мәңгі есте қалады. Өйткені көптен күткен триумфқа қол жеткіздік. 2015 жылы «Астана» футбол клубы Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алған еді. Міне, араға 10 жыл салып «Қайрат» бізге осындай қуанышты қайта сыйлады. Алматылық клубқа тілеулес болдық. Бірақ үмітпен қатар күдік те жүрді. Қарсыластардың гол соғатын 1-2 мүмкіндігі болды. Сол сәтте қатты уайымдадық. Абырой болғанда, қақпамызды аман сақтап, топтық кезеңге өттік. «Қайраттың» жеңісі тек алматылық клубтың жанкүйерлері үшін ғана емес, күллі қазақ қауымы үшін үлкен мәртебе деп есептейміз, - дейді ол.
Студия қонақтары қақпашы Темірлан Анарбековтің ойынына да жоғары баға берді.
— Кеше әлеуметтік желіден көрдім. 2002 жылы Орал мен Атыраудың арқасында біз Азиядан Еуропа футболына ауысқан екенбіз. Ал Анарбеков содан бір жылдан кейін, яғни 2003 жылы Атырауда дүниеге келген. Ол пенальти сериясында қақпаны сенімді күзетіп, үш допты тойтарды. Футболдың айналасында жүрген, түсінетін адамдар қақпашының еңбегінің қандай екенін біледі. Кейбіреулер мұны сәттілік дер. Бірақ кей қақпашылар бір бағытқа дайындалып секіріп жатады. Ал Анарбеков соңына дейін күтіп, соққыны оқып барып секірді. Соның арқасында кеше қаһарман болды. Бір күннің ішінде жұлдызға айналып шыға келді, - дейді Бақдәулет Ерғали.

Спорт жанашырлары «Қайрат» ойыншыларының командалық ойынын да ерекше атап өтті.
— Анарбековтің тарихи жеңіске қосқан үлесі зор. Бірақ жалпы 11 ойыншы да жұмылып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, әдемі ойын көрсетті. Оразбахтиннің шәкірттері нағыз команда бола алды, - дейді Равиль Ашығали.
Коментаторлар алматылық команданың тарихи жетістігі туралы кино түсіруге де болатынын айтты.
— Заруцкий де бірінші ойында жақсы ойнады. Өкінішке қарай жарақатына байланысты қарымта кездесуге қатыса алмады. Биылғы маусымда Анарбеков Қазақстан Премьер-лигасында өте аз ойнады. Кешегі Чемпиондар лигасында күтпеген жерден негізі құрамнан орын алды. «Қайраттың» топтық кезеңге шығуы туралы тіпті кино түсіруге де болады. Өйткені негізгі құрамдағы көптеген ойыншы жарақат алып қалды. Мата да ауыр жарақатына қарамастан кеше ғана қатарға оралып, керемет ойнады. «Қайраттың» қай ойыншысын алсақ та — бәрі нағыз қаһарман, - дейді олар.
Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққаны үшін «Қайрат» 18,62 миллион еуро табыс тапты.
Студия қонақтары мұндай табыс өзге командаларға үлкен жігер сыйлайды деген үмітте.
— Қазақстан Премьер-лигасында негізгі командаға 2 миллиард теңгеге дейін қаржы бөлінеді. Ал 11 миллиард деген — одан 6 есе көп ақша. Оған қоса әр топтағы ойыны үшін, жеңісі, жеңілісі немесе тең ойыны үшін де қосымша қаражат беріледі. Мұның өзі — үлкен мотивация. Бұдан кейін басқа да командалар өз-өздерін қамшылайды деп ойлаймын. Бізде жеке клубтардан «Тобылдың» әлеуеті бар. Жақында бір ақпарат естідім. Футбол клубы бар кәсіпкерлерге салық жағынан жеңілдіктер болады екен. Егер бұл рас болса, қалған 12 команда да жеке клубтар дәрежесіне өтсе екен деген тілегіміз бар, - дейді футбол жанкүйерлері.
«Селтик» құрамасының бас бапкері Брендан Роджерс жеңілістің себебін алаңның сапасыздығы, жолдың ұзақтығымен байланыстырған еді. Алайда Равиль Ашығали мұндай уәжбен келіспейді.
— «Жеңілген адамның сөзі көп» дейді ғой. Бірақ біз Брендан Роджерс сияқты бапкерді де түсінеміз. Ол Англия Премьер-лигасында бірнеше жыл бапкерлік еткен, «Ливерпульді» басқарған тәжірибелі маман. Дегенмен жолдың ұзақтығы мен чемпионаттағы кестенің қиындығын сылтау ету — кәсібилікке жатпайды. Қарсыластардың да гол салатын мүмкіндігі болды. Сол сәтте кәсіби деңгей көрсету керек еді. Жалпы, Қазақстанның спорттық инфрақұрылымы әлі де дами түссе дейміз. Инфрақұрылым дамыса, академиялар көбейсе, қазақ футболы күшейе береді. Сонда тек «Қайрат» емес, жылдан-жылға басқа да клубтарымыз Чемпиондар лигасына жолдама алады деген үмітіміз бар, - деп түйіндеді ол.