21:22, 31 Тамыз 2022 | GMT +5
«Қайратты» жеңген «Ақжайық» Қазақстан кубогының жартылай финалына шықты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан кубогының ширек финалдық матчында Алматының «Қайраты» өз алаңында «Ақжайықты» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жанкүйерлер ойын алаң иелерінің басымдығымен өтеді деп күткенімен, оралдықтар жиірек шабуылдады.
Дегенмен Данил Устименко өз қақпасын сәтті қорғай алды. Бірінші тайм соңына таман екінші рет ескерту алған алматылық Вячеслав Швырев алаңнан қуылды.
Екінші таймда «Қайраттан» Сергей Кейлер 77-минутта айып добын тамаша орындады. Алайда 87-минутта Виктор Васин өз қақпасына гол соғып алды. Содан кейін Оралхан Өміртаев «Ақжайыққа» жеңіс әперді - 2:1.
Осылайша, жартылай финалға жолдама алған оралдықтар 19 қазан күні өз алаңында «Тараз» - «Шахтер» матчының жеңімпазын қабылдайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» Қазақстан кубогының ширек финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Суреттерді түсірген Айбатыр Нұраш.