«Қайсар» футбол клубын бұрынғы бас бапкерлердің бірі жаттықтыруы мүмкін бе
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысы «Қайсар» футбол клубының басқарушы директоры Бақытжан Пазылхайыр команданың бас бапкерлігіне қатысты түрлі ақпаратқа орай түсіндірме берді.
- Қазір біз үшін ең бастысы – алдағы ойындарға команданы жақсы дайындау. Бүгінде команданы бас бапкердің міндетін атқарушы, UEFA Pro санатындағы маман Дмитрий Карпов дайындап жатыр. Оған жергілікті, тәжірибелі маман, бұған дейін «Қайсарды» жаттықтырған Сұлтан Әбілдаев көмектесіп жүр. Әрине, әртүрлі нұсқаларды қарастырамыз. Шетелдік мамандар да бар. Бірақ дәл қазір асығыс шешім қабылдаудың қажеті жоқ деп ойлаймыз. Қазіргі бапкерлер штабына сенім бар, олар команданы алдағы ойындарға дайындап жатыр, - деді ол.
Клубтың басқарушы директоры «Қайсарды» бұған дейін жаттықтырған бұрынғы бас бапкерлердің ешқайсысының кандидатурасы қарастырылып жатпағанын мәлімдеді.
Еске салайық, жуырда ғана клубтың бас бапкері Андрей Ферапонтов өз өтініші негізінде қызметінен кетті.
Ал Бақытжан Пазылхайыр бұған дейін Қазақстан футбол федерациясының атқарушы директоры болды.
Сондай-ақ Кәсіби клубтар арасындағы жарыстарды ұйымдастыру дирекциясын басқарды.