Қайсар Төлеген гір спортынан әлем чемпионы атанды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – 14-18 қараша күндері Латвияның Рига қаласында өткен әлем чемпионатында гір көтеру спортынан өнер көрсеткен Қайсар Төлеген ел мерейін асқақтатты.
- Жарыста 30 мемлекеттің 500-ден астам өкілі бақ сынады. Қайсар Төлеген кәсіпқой жастар арасында 78 келі салмақ дәрежесінде І орын иеленіп, әлем чемпионы атанды. Спортшының бұл жеңісі – жылдар бойғы табанды еңбегі мен үздіксіз дайындықтың жемісі, - деп мәлімдеді Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы.
Ол гір көтерумен 7-сыныптан бастап айналысады. Алғашқы қадамын спорт клубында бастаған жас спортшы үлкен жетістіктерге қол жеткізіп үлгерді. 2021-2025 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде білім алған. Қазіргі күні облыс орталығындағы оқушылар үйінде үйірме жетекшісі әрі оқытушы-жаттықтырушы қызметін атқарып жүр. Әлемдік додаға Абдулхасан Сейтенов дайындады.
Ал кеше Астана қаласында ауыр атлетикадан әйелдер арасында 2 салмақтың жеңімпазы белгілі болды.