Қайта қылмыс жасауға жол бермеу: «Пробация» іс-шарасы қорытындыланды

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ішкі істер министрлігі мамандары биыл 15-22 тамыз аралығында өткен «Пробация» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысын жариялады.

ҚР ІІМ
Фото: ҚР ІІМ баспасөз қызметі

Кезекті рейд есепте тұрған адамдардың жаңа құқық бұзушылықтар жасауының алдын алуға, пробация қызметтері мен полиция бөлімшелерінің өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға бағытталған.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Теңізжан Жәнібековтің мәліметінше, еліміз бойынша пробация қызметтерінде есепте 28 мыңнан астам адам тұрады. Олардың басым бөлігі – бас бостандығын шектеуге сотталғандар. Рейдтік іс-шараға күн сайын ҚАЖ департаменті мен полиция жеке құрамының 6 мыңнан астам қызметкері жұмылдырылған.

«Рейд барысында сотталғандардың қайта қылмыс жасауға жол бермеу бойынша профилактикалық әңгімелесулер жүргізілді. Тексерулердің қорытындысы бойынша іздеуде жүрген 10 адам анықталды, олар – бұрын пробация бақылауынан жалтарғандар», - деді Теңізжан Жәнібеков.

ҚАЖ комитеті сотталғандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ағымдағы жылдың шілдесінен бастап 2000-нан астам электронды бақылау құралдарын (білезіктер) жалға алған. Білезіктер сотталғандарды қашықтан бақылауға және орналасқан жері туралы тәулік бойы ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Білезіктерді қолдану арқылы 350 заң бұзушылық анықталған. Тәртіпке бағынбағандарға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау үшін сотқа 87 материал жолданған.

Айта кетейік, түрмеден жазасын өтеп шыққандарды жұмысқа орналастыру бойынша да жұмыстар жалғасып жатыр. Мәселен, бұған дейін Қызылордада пробация есебіндегі 52 азамат квотамен жұмысқа орналасқанын жазған едік.