10:15, 23 Ақпан 2009 | GMT +5
Қайта өңдеуші кәсіпорындардың белсенділігін арттыру қажет ? Ауыл шаруашылығы министрі
АСТАНА. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев Қарағанды қаласында жұмыс сапармен болып қайтты.
Сапар барысында Ауыл шаруашылығы министрі Қарағандыдағы коммуналдық базар, көкөніс қоймасы және бірқатар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар, оның ішінде «Евразиан Фудс Корпорейшн» АҚ мен Қарағанды ет комбинатын аралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Статистика жөніндегі агенттіктің ақпаратына жүгінсек, 2009 жылғы қаңтар айында республикамызда 44,2 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы шикізат өнімдері қайта өңделген. Бұл көрсеткіш 2008 жылғы осы мерзіммен салыстырғанда (43,6 млрд. теңге), 2,3 пайызға төмен. Өндіріс көлемінің азаюына негізінен ұлттық валюталары құнсызданған Ресей, Украина, Беларус секілді жақын шет мемлекет тауарларының еліміздің ішкі нарығына көптеп ағылуы, қолма қол ақша айналымындағы проблемалар және несиелеу көлемінің азаюы мен сатып алу көрсеткіштерінің төмендеуі себеп болған. Бүгінгі таңда бұл мәселелер шешіліп жатыр. Нақтырақ айтсақ, теңгенің құнсыздануы отандық тауар бағасының бәсекеге қарсы тұруына айтарлықтай әсер етті.
Ішкі нарыққа үнемі мониторнинг жүргізіліп, импорттық тауарларға қатысты кедендік баж салығының мөлшері реттеліп әрі ішкі нарықты арзанқол импорт өнімдерінен қорғауға бақылау күшейтілді. Ең қажетті азық-түлік өнімдері (сүт, ет, тәтті сусын мен жеміс-жидек көкөніс, бидай, ұн, жарма) халықаралық талаптарға сай келетін техникалық регламент енгізіліп, әрі тамақ өнімдерінің жалпы қауіпсіздігіне қатаң бақылау қойылды.
Қазірде, несие ресурстары тапшылығының орнын толтыру үшін, қайта өңдеу кәсіпорындарын Үкіметтің Ұлттық банкпен және Қаржылық қадағалау агенттігімен экономиканы және қаржы секторын тұрақтандыру жөніндегі шағын және орта бизнесті қолдау үшін 2009-2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына сәйкес, «Самұрық ?Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ қаржысы есебінен екінші деңгейлі банктер арқылы жылына 12,5 пайызбен несиелендірілетін болды. Бұдан өзге, биылғы жылы да қаржы институттарының ауыл шаруашылығы өнімдерін қайтадан өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың негізгі және айналым қаржысын, лизинг жүйесімен берілетін құрал-жабдықтарды несиелеудегі сыйақы мөлшеріне, бюджеттік бағдарламаға сәйкес субсидия жасау да жалғасын табады.
Сондықтан қазіргі күні, тамақ өнеркәсібіндегі жұмыс ауқымын сол күйінде сақтап қалу үшін барлық жағдай қарастырылған. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру бүгінде жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Министр атап өткендей, облыс әкімдері Бағаны тұрақтандыру жөніндегі штабтың белсенді жұмысынан бөлек, келесі жайттарға да барынша көңіл бөлулері керек.
Біріншіден, әрбір қайта өңдеуші кәсіпорындардың жұмысқа белсенділігін арттыра отырып оларға ішкі азық-түлік нарығындағы бағаны тұрақтандыруға байланысты қолға алынып жатқан шараларды жеткізу қажет. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайтадан өңдеудегі жұмыс ауқымын арттыру үшін, 2009-шы жылдан бастап, ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерге берілетін субсидияға өзгеріс енгізілді. Енді олар жұмысын өнеркәсіптік қайтадан өңдеуге бағыттауы тиіс. Бұл үшін кәсіпорындардың бір біріне ұқсас кодтары болуы қажет.
Дер кезінде субсидия алу үшін, облыс әкімшіліктері ауыл шаруашылығы өнімдерін қайтадан өңдеуші барлық кәсіпорындар мен мал сою цехтарын қайтадан тексеріп, олардың ұқсас кодтары болмаған жағдайда, аз ғана уақыт ішінде бір біріне ұқсас код алуға жағдай жасаулары қажет. Екіншіден, қайтадан өңдеуші кәсіпорындарды алдымен ортақ жүйеге келтіріп, оларға тауарлы-материалдық ресурстар мен энергияның делдалсыз тікелей жеткізілуіне, сондай-ақ олардың өнімін елдің ішкі нарығында тұтыну көлемін кеңейтіп әрі экспорт мөлшерін артыруға жағдай жасау қажет. Үшіншіден, құрылымдардың биылғы жылға жасаған алдын ала болжамдарына сәйкес көктемгі егін егу алқаптарының көлемін азайтуға жол бермеу.Облыстардың 2009-шы жылға алдын ала берген ақпараттары бойынша, дәнді дақылдардың республика аймағындағы жалпы себілуі 17,8 млн. гектар көлемінде.
Төртіншіден, бағаны бақылау жұмысын жетілдіре отырып, қолдан жасалған немесе негізсіз бағаны өсіру фактілеріне жол берілмеуі керек.