Қайта өңду секторларының тартымдылығын сақтау шаралары заңнамалық деңгейде қамтылады - Сенат

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне индустриялық-инновациялық саясат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
None
None

Құжат Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы 55, 56, 57,59, 63 және 86 қадамдарын іске асыруға бағытталған.

Тұтастай алғанда, заң жобасы аса қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру үшін инвестициялар саласындағы, Қазақстандағы туризм индустриясын одан әрі жүйелі түрде дамыту үшін туристік саладағы, ғылымды қажет ететін экономиканы қалыптастыру мақсатында инновациялық кластер саласындағы заңнамаларды одан әрі жетілдіру көзделеді.

Бұл ретте заң жобасымен индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері үшін қайта өңду секторларының тартымдылығын сақтау мақсатында инвестициялық жобаларды іске асыру барысында пайдаланылатын шикізаттар және материалдарды импорттау кезінде салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылады.

Сонымен қатар, Елбасының тапсырмасын орындау үшін трансұлттық компаниялардың қатысуымен бірлескен кәсіпорындар құру көзделеді. Шетелдіктерді қоса алғанда инвестициялық қорлар арқылы жоғары технологиялық стартап-компанияларды тарту бойынша дербес кластерлік қордың өкілеттіктерін кеңейту ұсынылады.

Мәселен, инновациялық кластер саласында ғылымды қажет ететін экономиканы қалыптастыру үшін екі инновациялық кластер жүзеге асады. Оның бірі, Астанада Назарбаев Университеті базасында құрылады. Онда ғылыми зерттеулер жасау және оны соңынан коммерцияландыру үшін ғылыми орталықтар, зертханалар орналасады. Екіншісі, Алматы қаласында өңірдегі жоғары оқу орындары мен ұлттық орталықтардың ғылыми-шығармашылық әлеуетін пайдалану үшін құрылады. Алматыдағы инновациялық кластер алдына ірі шетелдік жоғары технологиялық компаниялар мен жергілікті компанияларды тарта отырып, жобаларды жүзеге асыру міндеті қойылған. Бұл үшін инновациялық технологиялар паркіне бірлескен кәсіпорындар құру үшін басқарушы органның өкілеттігін кеңейту ұсынылады.

Бұдан бөлек, заң жобасы энергия тиімділігін арттыру мақсатында бірқатар шараларды қарастырады. Атап айтқанда, осы салаға жеке инвестицияларды тарту мақсатында бірқатар заңнамалық кедергілерді алып тастау көзделген.

Соңғы жаңалықтар