Адамдар қайтадан газет оқып, теледидар көріп, сараптамаға сұраныс артады – Дәурен Қуат
Бүгін «Қазақ әдебиеті» газетіне 90 жыл толды. Басылымның алғашқы саны 1934 жылы 10 қаңтарда жарық көрген. Ұлт мәдениетін көтеруге қызмет ету мақсатындағы газет әдеби, мәдени саланы қамтып келеді. Аптасына бір, жылына 52 нөмірі шығады. Осы орайда, газеттің бас редакторы Дәурен Қуатпен «Қазақ әдебиетінің» тыныс-тіршілігі, бүгіні мен болашағы туралы аз-кем әңгімелестік.

- Дәурен Қасенұлы, айтулы дата құтты болсын! Апталық 90 жылдан бері оқырманына тұшымды дүниені ұсынып келеді. Бүгінде ақпарат саласында жүргендер арасында «ағыс жылдам, жаңалық қысқа» болуы керек деген пікір ұстанатындардың қарасы қалың. Осы тұрғыдан «Қазақ әдебиеті» газеті талдамалы, сараптамалық жанрдағы ақпараттарды оқырманға қалай жеткізе алып отыр? Осындай жанрлық ерекшелікке ие болып, оқырманды ұстап тұру қиын емес пе?
- Қазір жұрт әлеуметтік желіде отыр. Жаңа форматтағы порталдар, YouTube, телеграм арналары шықты, жаңа медиа түрлері пайда болды. Оқырманның көпшілігі жаңа ыңғайлы форматқа көшті. Десек те, өзіндік романтикалық әсерімен қолмен ұстап, газеттің иісін сезіп оқығанды жақсы көретіндер әлі де бар. Әрине, уақыт шұғыл, себебі оның ұршығын ақпараттық прогресс тез айналдырып жатыр, ақпараттық технологиялар тез дамып кетті. Бірақ мәселе оның көлемінде емес, мазмұнында. Оны оқырман оқи ма, оқырманына не береді? Осы жағы маңызды. Түріктің Орхан Памук деген жазушысы бар, романдары 400-500 беттен асады. Бірақ ол – әлемде ең көп оқылатын авторлардың бірі. Демек жақсы мақала болса, оның көлеміне қарамайды, күрделі әрі ұзақ болса да мазмұны сапалы өнімге әрқашан сұраныс бар. Интеллектуалды оқырман талдамалы, сапалы мақаланы іздеп жүріп оқиды. Ақпаратты сараптап, салмақтап берсе, оны оқитын ойлы оқырман бар. Біздің жазылушылар салмақты, көкжиегін кеңейтетін ақпаратты жақсы көреді, деңгейі бөлек, өрісі биік.
«Қазақ әдебиетіне» өзінің салмақтылығын, мазмұнын жоғалтуға болмайды деп ойлаймын. Әрине, ақпаратты қысқа беруге көштік. Бірақ кейде үлкен ойлар, көзқарастар, пікірлер алақандай ақпаратқа сыймайды. Оны кеңейтіп, сараптап беретін болсақ, одан ұтылмаймыз. Біз айналасына сыни көзбен қарайтын, ойланатын уақытқа келе жатырмыз. Адамдар қайтадан газет оқып, теледидар көріп, сараптамалық ақпараттарға сұраныс артатын болады. Сол кезде «Қазақ әдебиетінің» осы бағытынан таймағанының дұрыс болғанына көз жеткіземіз. Мәселен, былтыр көптеген деректі фильмдер, көркем туындылар түсірілді. Біз осындай жылт еткен жақсы жаңалықтың жаршысы болып, әдебиет, мәдениет жаңалықтарын қадағалап отырамыз. Көзге түскен тәуір туындылардың актерлерімен, режиссерлерімен, сценаристерімен сұхбаттасып, оқырманға ұсынамыз. Театрдағы жаңалықтар, сахнаға жаңадан шығып жатқан қойылымдарды насихаттаймыз. Жаңадан шыққан поэзия мен проза, әдеби сын, әдеби саладағы жаңа трендтер, жаңа есімдер мен жаңашылдықтар назарымызда. Мұның барлығы әдебиет мен мәдениетті өсіреді. Тек қазақ әдебиеті мен мәдениетімен шектелмей, әлемдік әдебиеттегі үрдістерді де жеткіземіз. Газеттің тиражының артып келе жатқаны, оқырманның жазылып, тұшымды ақпаратты оқитынының себебі осы шығар деп ойлаймын. Жылдам, жедел жаңалық тарататын ақпарат құралдары да, талдамалы ақпарат беретін тақырыптық газеттер де қажет. Мәселен, жаңа фильм түсірілгеніне қатысты жылдам ақпаратты сайттар жарыса жазып береді. Бірақ осындай қысқа ақпаратты ашып жазып, кеңейтіп беру де қажет. Шұғыл ақпарат пен сараптамалық мақала оқырманға бірдей қажет.
- Еліміздегі көптеген дәстүрлі ақпарат құралдары әлеуметтік желілерді оқырман тартудың құралы ретінде сәтті пайдаланып отыр. Осы жағынан «Қазақ әдебиеті» газеті қандай жұмыстар атқарып жатыр? Әлеуметтік желілермен қатар YouTube арнасын ашу ойда бар ма?
- Сөз жоқ, ақпараттық прогрестен қалуға болмайды. Газеттің Facebook-те, телеграмда парақшалары бар. Оқырман тартудың тиімді тетігі ретінде әлеуметтік желілерді пайдаланып отырмыз. Анонс ретінде шолу жасап береміз. Бізде YouTube арна жоқ. Алдағы уақытта ашқымыз келеді. Мультимедиалық контент ұсынып, сүбелі сұхбаттар жазу ойда бар.
- 10 жылдан кейін немесе 100 жыл толғанда «Қазақ әдебиеті» газеті қандай болады деп ойлайсыз?
- Қазақ әдебиеті мен біздің газетіміз қатар өсіп келеді. Бізде интеллектуалды әдебиет дәуірі келе жатыр. Қазір әдебиетте өсу бар. 90-жылдарда прозада тоқырау байқалған еді. 2000 жылдардан бері қарай жазушылар қолына қалам алып, қазіргі заманды жаза бастады. Заманауи әдебиетте бүгінгі күннің адамдары жазылады. Біздің айналамыздағы адамдар көркем әдебиетте көрініс таба бастады. Аға буын қаһармандар туралы жазатын. Қазір қарапайым адамдардың қоңырқай өмірі, күнделікті тіршілігі арқылы бүгінгі заман мен адам бейнесі жазылып жатыр. Мұны біздің оқырман жақсы қабылдай бастады. Батыста бір ірі тарихи оқиға болса, сол туралы фильм түсіріледі, шығарма жазылады. Бізде де осы үрдіс қалыптаса бастады. Олардың кейіпкері қарапайым студент, трамвай жүргізушісі болуы мүмкін. Біздің аға буын бұл тақырыптарды ұсақ деп есептейтін еді. Қазір оқырманға өзінің өміріне ұқсас қарапайым адамның өмірі туралы шығарма қызық. Сондай-ақ бүгінде интеллектуалды сынға сұраныс артып отыр. Сынның жаңа түрін, жас әдебиеттанушылар Ақерке Асан, Айнұр Ахметова, Арман Жұмаділ сияқты жастар жаңа леп алып келіп жатыр. Ал «Қазақ әдебиеті» газеті – әдебиет, мәдениет тақырыбында жазатын дара басылым. Сондықтан еліміздегі әдебиеттің де, газетіміздің де болашағы зор деп ойлаймын.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Бақытжан Отарбаева