Қайтарылған активтер Қызылордадағы ауылдың ауыз су мәселесін шешті
АСТАНА. KAZINFORM — Арал ауданында қайтарылған активтер есебінен салынған су жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды Қызылорда облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Қызылорда облысының Арал ауданындағы Абай ауылында жаңа ауыз су жүйесінің салтанатты түрде іске қосылу рәсімі өтті. Әлеуметтік маңызы бар нысан прокуратура органдарының бастамасымен мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынды.
Нысанның ашылу салтанатына Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев, аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев, аудан прокуроры Дарын Әбіш және қоғам өкілдері қатысты.
— Жобаның жүзеге асырылуы 2000-нан астам ауыл тұрғынының сапалы ауыз суға қол жеткізуіне мүмкіндік берді. Бұған дейін ауыл тұрғындары ауыз су мәселесінде бірқатар қиындыққа тап болып келген. Жаңа су жүйесінің іске қосылуы халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға маңызды серпін берді, — делінген хабарламада.
Ауыз су нысанының пайдалануға берілуі мемлекетке қайтарылған активтердің халық игілігіне тиімді жұмсалып жатқанын және әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесін көрсетеді. Өңірдегі әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы мен пайдалануға берілуі прокуратура органдарының тұрақты бақылауында.
Осыған дейін ШҚО-да шекара шебіндегі ауыл халқы ауыз суды бастаудан тасып ішетіндіктеріне шағымданғанын жазғанбыз.