Қайтарылған активтер Маңғыстауда жедел жәрдем жұмысын қалай жеделдетті

АСТАНА. KAZINFORM – Маңғыстау облысында жаңа жедел жәрдем станциясы ашылғалы медициналық бригадалардың шақырту түскен жерге жету уақыты қысқарды. Қазір олар орта есеппен 10–15 минутта жетеді. Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынған нысан медицина қызметкерлерінің жұмысын қалай өзгерткені Jibek Joly телеарнасының «Қайтарылған болашақ» фильмінде баяндалды.

1 мамырдан бастап жедел жәрдемнің жұмыс тәртібі өзгереді
Фото: ҚР ДСМ

Жаңа станция 2026 жылдың ақпанында пайдалануға берілді. Оның құрылысына 4,6 млрд теңге бөлінген.

– Бұрын өз ғимаратымыз болған жоқ. Енді өз аумағымыз, қосалқы станциямыз, симуляциялық орталығымыз, мәжіліс залымыз және жабық гаражымыз бар. Барлық қызмет бір жерде орналасқандықтан, шақырту түскен бойда бұрынғыдан әлдеқайда жылдам жолға шыға аламыз, – деді Маңғыстау облыстық жедел жәрдем станциясының директоры Амантай Досжанов.

Оның айтуынша, станцияда күн сайын 120-ға жуық қызметкер жұмыс істейді. Мұнда мамандарды даярлау үшін арнайы манекендер қолданылады. Олар осы манекендер арқылы қан кетуді тоқтату, алғашқы көмек көрсету және басқа да медициналық көмек көрсету тәсілдерін үйренеді.

– Жедел жәрдем қызметінде 18 жылдан бері жұмыс істеймін. Бұрын жұмыс жағдайы мүлде басқаша еді. Қазір ғимаратымыз жаңа, кең әрі жайлы. Көліктер гаражда тұрады. Сондықтан шақырту түскен бойда көп кідірмей жолға шығамыз, – деді ауысымның аға дәрігері Алтынай Модабекова.

Жалпы, Қазақстанда мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 200-ге жуық денсаулық сақтау нысанының құрылысы қаржыландырылып жатыр. Бұл мақсатқа 180 млрд теңге бағытталған. Олардың 150-ге жуығы ауылдық жерлерде орналасқан.

Бұған дейін Маңғыстау облысында қайтарылған активтер есебінен Бейнеу аудандық ауруханасы жөнделіп жатқанын⁠ хабарлаған едік.