Қайтарылған активтер өңірлердегі қандай жобаларға жұмсалып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Арқалықтағы әуежай қайта ашылды, Көкшетауда балалар спорттың он түрі бойынша тегін жаттығады, ал елдің бірнеше өңірінде жаңа мектептер мен балабақшалар бой көтеріп жатыр. Бұл жобалар мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жүзеге асырылған. Олардың өңір тұрғындарының өміріне қалай әсер етіп жатқанын Jibek Joly телеарнасының «Активтерді қайтару» атты деректі фильмінен көруге болады.
2026 жылғы тамызда Арқалық әуежайы жолаушыларға қайта қызмет көрсете бастады. Бірнеше онжылдық бойы тұрақты әуе қатынасы болмаған әуежай мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жаңғыртылды. Мұнда ұзындығы 2,5 шақырым болатын ұшу-қону жолағы жөнделіп, жаңа терминал, апаттық-құтқару станциясы және өзге де нысандар салынды.
Қазір әуежайдан Астана, Алматы және Қостанай бағыттарына рейстер қатынайды. Мемлекеттік субсидияның арқасында әуе билеттерінің құны 10 мың теңгеден басталады.
– Бұрын Астанаға ұшақпен немесе пойызбен жетіп, одан әрі таксимен жүретінбіз. Жолдар да нашар еді. Қазір қатты қуанып жүрміз, – дейді жолаушы Гүлжазира.
Мемлекет қаржысы есебінен іске асқан тағы бір жоба – «Көкшетау Арена» көпфункционалды спорт кешені. Мұнда спорттың он түрінен секциялар жұмыс істейді. Балаларға арналған жаттығулардың барлығы тегін.
– Бұрын облыста көркем гимнастиканың талаптарына сай келетін зал жоқтың қасы еді. Қазір Қазақстан чемпионаттарына толыққанды дайындалуға жағдай жасалды, – дейді жаттықтырушы Мария Еслямова.
Күреспен айналысатын балалардың да жаттығу жағдайы жақсарған. Бұрын 20–25 бала кілемнің жартысына ғана сыятын. Қазір олардың иелігінде екі толыққанды күрес кілемі бар.
Бұдан бөлек Арнайы мемлекеттік қор қаржысына елімізде 17 білім беру нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оның оны пайдалануға берілген. Олардың қатарында мектептер, балабақшалар мен шығармашылық орталықтары бар.
Мемлекетке қайтарылған активтер өңірлердегі көлік қатынасын жақсартуға, балалар спорты мен білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталып отыр.
Еске салайық, бұған дейін мемлекетке қайтарылған активтер есебінен ауылдарға ауыз су тартылып, әлеуметтік нысандар салынып, инвестициялық жобалар іске асырылып жатқанын жазған едік.