Қайтарылған активтерді басқаратын компания құру туралы Үкімет қаулысы шықты

Премьер-Министр Әлихан Смайылов «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС құру мәселелері туралы» Үкімет қаулысына қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Қайтарылған активтерді басқаратын компанияны құру туралы Үкімет қаулысы шықты
Фото: ҚазАқпарат ХАА

«Жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылсын. «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» ҚР Заңында және басқа да заңдарда белгіленген тәртіппен қайтарылған активтерді басқару, сақталуын қамтамасыз ету, өткізу серіктестік қызметінің негізгі нысаналары болып айқындалсын. Серіктестіктің жарғылық капиталына қатысудың мемлекеттік үлесіне иелік ету және оны пайдалану құқықтары Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне берілсін», - делінген Премьер-Министр қол қойған қаулыда.

Басқарушы компанияның міндеттері – мемлекетке қайтарылған активтерді оның атынан меншігіне қабылдау, мемлекет кірісіне айналдырылған активтердің сақталуын және ұсталуын қамтамасыз ету, активтерге билік ету, активтерді өткізуден түскен қаражатты арнаулы мемлекеттік қорға аудару.

Қаулы қол қойған күннен бастап күшіне енді.

Қоса кетсек, таяуда қайтарылған активтерді басқару компаниясына қандай мамандардың тартылатынын жазып едік.

Соңғы жаңалықтар