Қайтарылған жердің жаңа қожайындары конкурс негізінде анықталады – Айдарбек Сапаров

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде қайтарылған жерлердің жаңа қожайындары жер комиссиясының қатысуынсыз, цифрлық платформа арқылы конкурстар негізінде анықталады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.

Айдарбек Сапаров
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

— Ауыл шаруашылығы жерлерін бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін жер комиссиясының қатысуынсыз цифрлық платформа арқылы конкурстар өткізу бойынша жер заңнамасына түзетулер әзірленді. Сондай-ақ, конкурсқа қатысушылар үшін талаптар күшейтілді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасы және жасанды интеллектіні қолдана отырып, ауыл шаруашылығы жерлерінің спутниктік мониторингінің салалық ақпараттық жүйесі құрылатын болады, - деді ол Үкімет отырысында.

Сондай-ақ министр иесіз жерлерді қайта бөлу шаралары қолға алынғанын айтты.

— Қайтарылған 13,7 млн гектар жердің бүгінгі күні 6,2 млн гектары бөлінді, 7,5 млн. гектар қайта бөлінеді. Әрбір өңірге қалған жерлерді қайта бөлу бойынша көрсеткіштер бекітілді, әкімдіктер жоспарларды бекітіп, жергілікті тұрғындардың жайылымдарға қажеттілігін ескере отырып, оларды орындауы қажет. Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдайтын болады, - деді Айдарбек Сапаров.

Айта кетейік, кеше Мемлекет басшысы Жолдауда елдегі қайтарылған жердің бәрін келесі жылдың ортасына дейін тұрақты айналымға енгізуді тапсырған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар