Қайтарылған активтерді басқару компаниясына қандай мамандар тартылады
Қаржы министрлігінің мәліметінше, компанияның жалғыз құрылтайшысы және қатысушысы - Қазақстан Респуликасының Үкіметі.
«Штат саны үлкен емес, шамамен 15-20 адамға дейін болады. Штат заңгерлік және экономикалық білімі бар, шет тілдерін меңгерген мамандардан жасақталады деп жоспарланып отыр», - делінген ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жолданған министрлік жауабында.
Ведомстводан мәлім еткендей, бұл компанияны кім басқаратыны, басшыға қандай талап қойылатыны және қызметкерлердің қай ғимаратта жұмыс істейтіні туралы мәселелер пысықталып жатыр.
Жауапкершілігі шектеулі серіктестік туралы заңда көзделген органдардан басқа, компанияда Қамқоршылық кеңесі құрылады. Оның құрамына ҚР Парламентінің депутаттары, қоғам өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар енуі мүмкін.
Компанияны қаржыландыру екі көзден жүргізілуі ықтимал. Атап айтқанда, алдағы жылға арналған республикалық бюджеттен қаржыландыру болмаған жағдайда, өз қызметі үшін комиссиялық сыйақы есебінен немесе шығындар республикалық бюджет қаражатынан жабылады.
«Комиссиялық сыйақылардың мөлшері тиісті қаржы жылындағы басқарушы компанияның ағымдағы шығындарын қаржыландыруға қажетті қаражат көлемімен шектеледі», - деп түсіндірді Қаржы министрлігінен.
Еске салайық, бұған дейін «Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания» құрылатынын жазып едік.