Қайтыс болған науқастың туыстары қостанайлық жедел жәрдем фельдшерін соққыға жықты

АСТАНА. KAZINFORM — Фельдшерге шабуыл шақырулардың бірінде болған. Қазіргі уақытта зардап шеккен медицина қызметкері ауруханада, қылмыстық іс қозғалды.

жедел
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Бұл оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желіден белгілі болды. Зардап шеккен фельдшер өз парақшасында бар шындықты айтқан.

— Адамдар қандай қатыгез. Кеше алғашқы медициналық көмек көрсетіп жатқан жерімде мені ұрып тастады. Олар мені өлтіргісі келді. Мен миым шайқалып, ішім жарақаттанып, ауруханаға түстім, — деп жазды медицина қызметкері.

Бұл деректі облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметі растады. Олардың айтуынша, фельдшерге қызметтік міндеттерін орындау кезінде шабуыл жасалған. Ол ауруханаға жатқызылды.

Полиция қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

— Алғашқы медициналық көмек көрсету кезінде үй иелері мен дәрігерлер арасында жанжал туындап, оның барысында 41 және 51 жастағы әйелдер фельдшердің денесіне зақым келтіргені анықталды, — деді полиция.

Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу «ұрып-соғу» бабы бойынша жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін Бейнеуде мас адам жедел жәрдем қызметкерлеріне шабуыл жасағанын жаздық.

Соңғы жаңалықтар