«Қаз Агро» 5 млрд. теңгеден астам инвестиция салмақ - Қызылорда облысы
Биыл аталған қаржы институтының қолдауымен 3 күріш өңдеу кешені және 2 бордақылау алаңы салынады. Барлығының жобалық құны 2 800,1 млн. теңгені құрайды, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Бірінші жартыжылдықта Сырдария ауданындағы «Ақжарма-1» шаруа қожалығының сағатына 2,5 тонна күріш өңдейтін кешені іске қосылады. Жоба құны 35 млн. теңге. Сондай-ақ, облыс орталығында 199 бас ірі қараға арналған бордақылау алаңы салынады. Ал екінші жартыжылдықта Қазалы ауданында бордақылау алаңы, Жалағаш пен Қызылорда қаласында сағатына 12 тонна күріш өңдейтін кешен жұмысын бастайды.
Сонымен қатар, «СырдарияАгроинвест» ЖШС жалпы құны 3 289 млн. теңгені құрайтын жұмыртқа өндіретін құс фабрикасын салады. Қазіргі таңда фабрика құрылысын қажетті жермен қамтамасыз ету мақсатында өңірлік үйлестіру кеңесінің сарапшылық комиссиясы отырысына 30 гектар жер бөлу жөнінде ұсыныс берілді. Құс фабрикасын қаржыландыру және құрылысын наурыз айына бастау жоспарланып отыр.