ҚазАгро: АӨК бизнестің көлемін кеңейтеді
Қойылған міндеттерді табысты іске асыруда қаржыландыру мәселелері де маңызды орын алады. Аса өзекті сұрақтардың бірқатарын біз «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлыбек Малеловке қойған едік.
- Нұрлыбек Төлебайұлы, «ҚазАгроның» қызметін оңтайландыру нені білдіреді? Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында екі ұлттық холдингті қайта ұйымдастыру қажеттігі туралы айтқаны белгілі, осы ретте олар мемлекеттік даму бағдарламасын іске асыру бойынша оператор болуы тиіс. Сіздің басқаруыңыздағы Холдинг осы тапсырмалар шеңберінде бүгінгі таңда не істеді?
- Бағдарламалық құжатта Президент елімізде экономикалық өсімнің жаңа моделін құру туралы айтты және Қазақстанның үшінші жаңаруын қамтамасыз ету жөнінде міндет қойды. Егер, Мемлекет басшысы атап өткен стратегиялық басымдықтарға анықтап қарасақ, онда экономикадағы және қоғамдағы ұсынылған түбегейлі өзгерістер шынайы болады, оның басты мақсаты - елдің ғаламдық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету.
Республиканың агроөнеркәсіптік кешеніндегі (АӨК) маңызды даму институттарының бірі «ҚазАгро» холдингі осындай ауқымды өзгертулерден шетте қалуы мүмкін бе? Әрине, жоқ. Мемлекет басшысының қызметінің бір бөлігін жеке секторға берумен және оңтайландырумен байланысты қойған міндеттерінің шеңберінде Холдинг қазіргі уақытта екі бағытта жұмыс істейді: біріншіден, бұл бірқатар еншілес және тәуелді компанияларды бәсекелес ортаға беру, екіншіден, іске асырылатын функцияларды және АӨК субъектілерін қолдау бағдарламасын оңтайландыру.
Бүгінгі таңда Холдингтің құрылымында 7 еншілес компания бар екенін естеріңізге салайын. Жекешелендірудің кешенді жоспары шеңберінде оның 3-еуі бәсекелес ортаға беруге жатады. Бұл - «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «ҚазАгроӨнім» АҚ және «Қазагромаркетинг» АҚ. Одан басқа жекешелендіруге еншілес компаниялардың 17 тәуелді ұйымы беріледі. Қазіргі уақыттың өзінде 4 ұйымдағы қатысу үлестері сатылды - 2 шағын несие ұйымында және 2 мал шаруашылығы жобаларында.
- Оңтайландыру не үшін қажет? Бұл процесс жалпы саланы қаржыландыруға қандай әсерін тигізеді? Холдингтің қолдауының арқасында ғана АӨК дамитын кейбір бағыттар бар екені құпия емес.
- Бір кездерде (90-шы жылдар, 2000-шы жылдың басы) біздің республикамыздың ауыл шаруашылығы қиын уақытты басынан өткізді, «ҚазАгро» холдингінің жалауының астына біріккен агроөнеркәсіп кешеніндегі даму институттарын құру жалғыз дұрыс шешім болды. Бүгінгі таңда біз бақылап отырған саладағы оң өзгерістердің маңызды үлесі Холдингтің компанияларына тиесілі Алайда уақыт бір орнында тұрмайды, сонымен бірге «ҚазАгроның» алдына қойылатын міндеттер де өзгереді. Холдинг қазіргі уақытта клиенттерге тікелей қызмет көрсетуден қажет ортаны қалыптастыруға және ауыл шаруашылығындағы жеке секторды дамытуға көмек көрсетуге көшуде. Мысалы, ауылдағы бизнесті қаржыландыруға бағдарланған жеке қаржы институттарын дамытуға, жеке сақтандыру ұйымдарының қатысуымен сақтандыру нарығын дамытуға, жеке ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының өнімдерін өткізуге, соның ішінде экспорт нарықтарына шығаруға көмек көрсету. Осы арада біз өзіміздің мемлекеттік даму институттары ретіндегі міндетімізді көреміз. Қысқаша айтатын болсақ - Холдингтің іске асыратын функциясын оңтайландырудың негізгі мақсаты АӨК секторындағы түрлі бағыттардағы жеке бизнесті дамыту болып табылады.
- «ҚазАгро» холдингінде болып жатқан өзгерістер ауыл халқының тұрмысын жеңілдете ме?
- Былай айтсақ, олар агробизнестің мүмкіндіктерін оның көлеміне қарамастан ұлғайтуға бағытталған, сонымен бірге ауыл тұрғындарының және де жалпы елдің әл-ауқатын арттырады. Іске асырылатын функцияларды және АӨК субъектілерін қолдау бағдарламаларын қайта қарастыру АӨК дамытудың жаңа Мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген міндеттерді есепке ала отырып жүзеге асырылады.
Қазіргі уақытта Холдингтің құрылымдары АӨК субъектілерін тікелей қаржыландыруды жүзеге асырады. Бұл бірқатар тұжырымды проблемаларды құрайды: мысалы, «тар мойын әсері» туындайды, нәтижесінде қарыз алушылар қаржыландыру үшін бір немесе екі компанияға ғана өтініш жасауға мәжбүр болады. Маусымдық кезеңдерде қаржыландыруға өтінімдер көптеп түсіп жатады, салдарынан Холдингтің еншілес компанияларының менеджерлері оларға қызмет көрсетуге үлгере алмайды. Нәтижесінде, кейбір қарыз алушылар несиені уақытында ала алмайды, ол өсімдік немесе мал шаруашылығындағы технологиялық процестердің сақталмауына алып келеді.
«Аграрлық несие коррпорациясы» АҚ АӨК субъектілерін тікелей несиелеуді біртіндеп қысқартатын болады. Корпорация қызметін несие серіктестіктерін, шағын қаржы ұйымдарын, екінші деңгейлі банктерді, лизинг компанияларын кейіннен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін несиелеу үшін қорландыру арқылы ауылдағы қаржы инфрақұрылымын ынталандыруға жұмылдырады. Бұл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін несие өнімдерін сату каналдарын кеңейтуге ықпал етеді және клиенттерге қызмет көрсету сапасын және уақыттылығын жоғарылатады.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ қызметін АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасы және Өнімді жұмыспен қамту бағдарламасы шеңберінде ауыл халқын шағын несиелеуге және ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамытуға топтастырады.
Көптеген ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктерден қаржыландыру үшін немесе жеке инвесторларды тарту үшін мол тәжірибесі бар және қажет материалдық базасы жеткілікті. Алайда, ауа райының жағдайларымен немесе эпизоотикалық ахуалмен байланысты салалық тәуекелдер ауыл шаруашылығы бизнесінің тартымдылығын төмендетеді. Осындай тәуекелдерді сақтандыру арқылы төмендетуге болады. Бұл үшін сақтандыру қызметінің жеке нарығын дамыту қажет. Бұл міндетті «ҚазАгроКепіл» АҚ атқарады. Бұдан басқа, «ҚазАгроКепіл» АҚ Өнімді жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша ауылда берілетін несиелерді кепілдендіруді жүзеге асыратын болады, ол шағын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің несие алуына мүмкіндіктерін жоғарылатады.
Көптеген ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өнімді өткізу проблемасын бастан өткереді. Шағын жеке компанияларға өнімнің көтерме көлемін топтастыруға және оны өткізуге шарт жасасуға «Азық-түлік корпорациясы» АҚ көмектесетін болады.
- Ауылдағы шағын бизнес сенімді қаржылық қолдауды қажет ететіні құпия емес. «ҚазАгро» осындай демеу бола ала ма?
- Алдымен мынадай цифрларды келтірейін. 2016 жылы Холдингпен агросекторды несиелеудің жалпы көлемінің 89%-ы шағын және орта бизнес субъектілеріне тиесілі болады. Холдингтің шағын несиелеу нарығындағы үлесі 94%-ды құрады, ауыл шаруашылығы техникасының лизингі нарығындағы үлесі - 72%. Алайда, саланы қаржыландыру тәсілдерін өзгертудің уақыты жетті. Бүгінде Холдингтің өз алдына қоятын басты міндеті - осы нарыққа түрлі коммерциялық қаржы ұйымдарын тарту. Олардың кеңейтілген желісі, аграрлық қаржыландыру нарығындағы олардың араларындағы бәсекелестік ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлікті дамыту үшін жақсы серпін болуы тиіс. Ал бұл процеске қазір «ҚазАгроКепіл» АҚ әзірлеген кепілдендіру жүйесі ықпал етуі тиіс. Ауылдық жерлердегі ібизнесті дамытудың маңызды проблемаларының бірі кәсіпкерлердегі кепілдікті қамсыздандырудың жетіспеушілігі және олардың құнының төмендігі болып табылады. Бағдарламның шарттарына сәйкес, егер кәсіпкердің кепілге қоюға болатын мүлкінің жетіспеушілігі жағдайында, ол үшін «ҚазАгроКепіл» АҚ жауапкершілікті өз міндетіне алады, осылайша мемлекет атынан ауылдық жерлерде кепілгер болады. Осы арада басты мәні жай ғана несиенің қайтарылуын қамтамасыз ету емес. Ұсынылатын кепілдендіру жүйесінің басты идеясы ауыл тұрғындарының қарыз алуы үшін салмақты құралының болуы, ол қаржы ұйымдарына да кепілдіктің болуы туралы міндетті талапты сақтауына мүмкіндік береді.
«ҚазАгроКепіл» АҚ кепілдіктері ауылдық елдімекендерде және шағын қалаларда өнімді жұмыспен қамтуды дамыту бағдарламасын іске асыруға көмектеседі. Биылғы жылы осындай жобаларды қорландыруға республикалық бюджеттен 27 млрд. теңге сомасындағы қаражат қарастырылған.
- АӨК дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасында маңызды бағыттардың бірі болып ауылдағы кооперацияның қолдау анықталды. Бұл қозғалысты дамытуға «ҚазАгро» қалай көмек көрсетуде?
- Қазақстанда бүгінгі таңда шағын тауарлы шаруашылық аграрлық өндірістің маңызды үлесін алады. Мысалы, мал шаруашылығындағы жеке қосалқы шаруашылықтың, шағын шаруа қожалығының өнім өндірісіндегі үлесі 70%-дан асады, өсімдік шаруашылығында - 45,5%. Осындай шаруашылықтар ауыл шаруашылығы техникасын, тұқымдарды, тыңайтқыштар, дәндер, жемшөп, жанар-жағармай (ЖЖМ) және басқаларды сатып алу кезінде проблемаларға кезігеді. Көбінесе кепілдік мүліктің және қажет білімнің болмауынан олар жеңілдікті несие ресурстарын тарта алмайды.
АӨК дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасында шағын тауарлы шаруашылықтарды біріктіруге, кооперацияны дамыту арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің саны мен сапасын жоғарылатуға негізгі күш салынған. Бұл бағдарламаның қаржы операторы - «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ. Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту мақсатында Қор ет, сүт, жеміс-көкөніс өнімдерін және жемшөп дайындау және өткізу, отбасылық бордақылау алаңдарын құру, ауыл шаруашылығы малдары мен құстарды сатып алу және өсіру, отбасылық сүт-тауарлы фермаларын құру бойынша кооперативтер құруға бағытталған бірқатар бағдарламаларды іске асырады. Осы ретте, несиелеу кезіндегі сыйақы мөлшерлемесі 6%-дан аспайды.
- Қазіргі кездегі ең өзекті тақырыпты айналып өтуге болмайды. Еліміздің астық егетін негізгі өңірлерінде егістік науқанын бастауға санаулы күндер қалды. Көктемгі егіс және жинау жұмыстарын қаржыландырудағы өзгерістер туралы айтып беріңізші.
- Шынында, биылғы жылы көктемгі егіс және жинау жұмыстарының жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Ағымдағы жылы несиелеу механизмін Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы үйлестіреді және ол егістік алаңдарын әртараптандыруға бағытталған. Әңгіме бірден 60 млрд. теңге сомасындағы қысқа мерзімді бюджеттік несие қаражатын пайдалану туралы болатынын айта кетейін. Бұл қандай өзгерістер? Біріншіден, бюджеттік бағдарламаның операторы болып Холдингтің еншілес компаниясы - Аграрлық несие корпорациясы анықталды, Екіншіден, 2017 жылы бөлінген қаражат бірінші кезекте жемшөп өндірісіне, майлы дақылдарды дамытуға, сондай-ақ ауылдағы коопрецияға көмекке жұмсалады. Үшіншіден, «Азық-түлік корпорациясы» АҚ процесінде қатысу схемасы өзгертілді.
Аграрлық несие корпорациясы бюджеттік несиенің операторы ретінде несиелеудің қолжетімділігін кеңейту және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін көптеп қамту мақсатында айқындалған. Көктемгі егіс жұмыстарының маусымының өте қысқа мерзімді қамтитынын ескеру қажет. Шектеулі уақыт жақдайында шаруашылықтар мен агроқұрылымдардан несиелеуге өте көп өтінімдер келіп түседі. Шаруалардың қаржыландыруды уақытында алуы үшін және егістіктегі жұмыстарын агротехникалық қажет мерзім ішінде өткізуі үшін Аграрлық несие корпорациясы қорландыру арқылы басқа да қаржы институттарының мүмкіндіктері мен кеңейтілген желісін тартады: екінші деңгейлі банктер, несие серіктестіктері, шағын несие ұйымдары.
Дақылдарды қаржыландырудың артықшылықтары агросектордағы ағымдағы экономикалық жағдайға қатысты анықталды. Күшті жемшөп базасымен қамтамасыз ету мал шаруашылығын, құс шаруашылығын, ауыл шаруашылығының басқа салаларын толық дамытудың, сонымен бірге - экспорттық әлеуетті дамытудың негізі болып табылатыны жалпыға мәлім. Бұдан басқа, АӨК-де отандық қайта өңдеуші кәсіпорындарды шикізатпен жүктеу және азық-түлік тауарларының импортының үлесін азайту қажеттілігі бар. Мысал үшін: май өнімдерін ішкі тұтынудағы импорттың үлесі 30-40%-ға жетеді. Осы ретте, республиканың қазіргі 85 май өндіретін кәсіпорындарының жүктемесі 45-50%.
«Азық-түлік корпорациясы» қазіргі уақытта мақсатты экспорттық саясатты іске асыруға және органикалық өнімдердің қазақстандық брендін жылжытуға бағдарланған компанияға қайта өзгертіледі. Оның негізгі қызметінің бірі қазақстандық өндірушілердің өнімдерін жылжытудың құралының кеңейтілген спектрі болып табылады - нарықтарды талдаудан, текшелерді ісздестіру, импорттаушылармен келіссөздерге көмектесу,шарттар жасасудан бастап экспорттық нарықтың талаптарына сәйкестендіру мақсатында ғылыми әзірлемелер енгізуге дейін.
Азық-түлік корпорациясы көктемгі-егіс және жинау жұмыстарын қаржыландыру схемасының жиналған өнімді сатып алуға кепілдік ретіндегі қатысушысы болып қалады. Осы ретте оның сатып алатын тауарларының тізімі кеңейтіледі. Егер бұрын Азық-түлік корпорациясы бидай мен арпа сатып алған болса, онда ағымдағы жылы фермерлер май дақылдарын да өткізе алады (рапс, зығыр, күнбағыс, соя).
60 млрд. теңгенің - барлық көлем емес, олар көктемгі-егіс жұмыстарына жұмсалады. «ҚазАгро» холдингінің және оның қаржыландыратын еншілес компанияларының да меншікті және тартылған қаражаты бар, екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) бар, оларда егістік науқанын несиелейді. 12 мыңнан астам ауыл шаруашылығы таур өндірушілерін біріктіретін 182 Несие серіктестігі (НС) бар. Шағын қаржы ұйымдарының кеңейтілген желісі жұмыс істейді және т.б. Яғни, астық өндірушілерге несие алулары үшін еш кедергі жоқ. Алайда бюджеттің ақшасы алғашқы кезекте қазір ең маңызды шараға жұмсалады.
- Нұрлыбек Төлебайұлы, осындай толық ақпаратыңыз үшін рахмет. Холдингтің қызметіне табыс тілейміз!