«ҚазАгро» егістік науқаны мен жиын-терімге 78 млрд. теңгеден астам қаржы бөлмек

Жалпы алдағы егіс науқанына және содан кейінгі өнімді жинауға холдинг 78 млрд. теңгеден астам қаражат бағыттауды жоспарлап отыр.
Холдинг таратқан ақпаратқа қарағанда, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қаржыландыру 60 млрд. теңге сомасындағы бюджеттік несие, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының 600 млн. теңге көлеміндегі меншікті қаражаты, Азық-түлік корпорациясының мемлекеттік ресурсқа астықты көктемгі-күзгі сатып алу үшін бөлген 13,75 млрд. теңге көлеміндегі бюджеттік қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Бұдан басқа Аграрлық несие коропорациясының меншікті қаражаты есебінен Несие серіктестіктері арқылы несиелеуге 4 млрд. теңге қарастырылады.
Қазіргі уақытта «ҚазАгро» холдингіне шаруашылықтардан жалпы 48,66 млрд.теңге сомасына 388 өтінім келіп түсті, оның 303 өтінімі Аграрлық несие корпорациясына, 85-і - Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына тиесілі. Қазіргі таңда жалпы сомасы 10,65 млрд.теңгенің 199 өтінімі мақұлданды.
Сонымен қатар, «ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниясы «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ өткен жылғы көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру шеңберінде Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың кепілдігімен берілген ақша қаражатын қайтару жұмыстарын жүргізуде.
Бүгінгі таңдағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің тарапынан берілген қаржыландыру бойынша қарызы 3,09 млрд.теңгені құрайды. Шаруашылықтардың міндеттемелерін белгіленген мерзімде орындамауына байланысты Азық-түлік корпорациясы ӘКК кепілдіктер бойынша жазбаша талап жіберді. Алайда, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың тарапынан қаражатты қайтару осы уақытқа дейін жүзеге асырылған жоқ. Әсіресе қаржылай міндеттемелерін орындамау республиканың негізгі астық егетін аймақтарында және елдің батысында анықталған: 1,3 млрд. теңге - Солтүстік Қазақстан облысы; 622,2 млн. теңге - Ақмола облысында; 685,4 млн. теңге - Қостанай облысында; 103,4 млн. теңге - Ақтөбе облысында; 339,6 млн.теңге - Батыс Қазақстан облысында.
«ҚазАгро» ұлттық холдингінің ауылдық жерлердегі 2012 жылғы көктемгі-егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге алынған бюджеттік несие қаражатын белгіленген мерзімде қайтарылғаны жайлы айта кету қажет. Осы ретте міндеттемелердің мерзімін ұзарту екінші деңгейлі банктерден ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді несиелеу ставкасынан жоғары ставка бойынша тартылған қаражат есебінен жүргізілді.