«ҚазАгроИнновация» АҚ 2011 жылғы әкімшілік шығыстары 2009 жылмен салыстырғанда 56 пайызға артып кеткен

АСТАНА. 10 қазан. ҚазАқпарат - «ҚазАгроИнновация» АҚ 2010-2011 жылдары акциялардың мемлекеттік пакетіне дивидендтер төлеуден босатылған тұста алынған таза кірісті материалдық-техникалық базасын дамытуға пайдаланбаған.
None
None

Алайда қызметкерлерге сыйақы төлеуге 43,6 млн.теңге, әкімшілік шығыстарға  65,3 млн.теңге жұмсаған. Бұл ретте 2011 жылғы әкімшілік шығыстар 2009 жылмен салыстырғанда 56 пайызға өскен. Бұл туралы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің қорытындысында айтылады.

Есеп комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Трансферт және агротехнологияларды коммерцияландыру орталығын құру» және «Алматы қаласындағы бас институттың базасында ауыл шаруашылығы машина жасау тәжірибелік-экспериментальдық орталығын жаңғырту» жобалары бойынша іс-шаралар, тиісінше, 1 055,4 млн.теңгеге және 679,1 млн.теңгеге іске асырылмаған.  Ал игерілмеген 1734,5 млн. теңге мөлшеріндегі қаражат 3 жылдан астам уақыт бойы Қоғамның еншілес ұйымдарының есеп айырысу және депозиттік шоттарында сақталып жатыр.

«Қоғамның 2010-2011 жылдары агроөнеркәсіптік кешенді мал шаруашылығы саласын орнықты дамыту жөніндегі ғылыми жұмыстары өнімді мал басын ұлғайту бөлігінде өзінің күтілген нәтижесін берген жоқ. 2010-2012 жылдары мемлекеттік тапсырыс шеңберіндегі 36 ғылыми-зерттеу жұмысының бірде-біреуін Қоғам өзінің күшімен атқармаған. Мал шаруашылығында ірі ауқымдағы селекция жөніндегі ақпараттық-талдамалық жүйе тіркелмеген», - делінген баспасөз баянында.

Осыған орай, Есеп комитеті Үкіметке «ҚазАгроИнновация» АҚ-ны 2012 жылдың қорытындысы бойынша акциялардың мемлекеттік пакетіне дивидендтер төлеуден босату туралы шешімнің күшін жою мәселесін қарастыруды ұсынды.

Соңғы жаңалықтар