Қазағым еңсесін көтеріп жүрсін деп жұмыс істеудемін - Мемлекет басшысы

Сұхбат барысында «Қазақстан» телеарнасының «Айтуға оңай» бағдарламасының жүргізушісі Бейсен Құранбек Елбасыдан күні-түні тынбастан жұмыс істеуге күш-қуатты қайдан алатындығын сұраған болатын.
«Шыр етіп жерге түскенде Алланың беретін күші болады. Сол күш-қуат таусылғанша өмір сүресің. Біткенде кетесің. Сондықтан мен Қазақстанды, жер шарын аралап жүруге күш-қуат бергеніне ризамын. Сол күш-қуат бар кезде жұмыс істеп қалу керек. Сендер тепсе темір үзетін кездесіңдер, іздену керек. Өз жұмысыңда ізденсең, алға қарай ілгерілеуге болады», - деді Елбасы.
ҚР Президенті оның дүниежүзіндегі мысалы ақпарат құралдарында молынан екендігін баса атап өтті.
«Кейбір жағдайда мүмкіншілік те болмайтын шығар. Бірақ, мүмкіндікті болдыру керек. Барлығынан да солармен бірдей болуға, олардан асып түсуге тырысу керек. Мен де осындай жолмен жүріп келемін. Елімді басқа елдермен қатар, терезесі тең болсын, ешкімнен кем болмасын деп, Қазағымның еңсесі көтеріліп жүрсін деп, әр уақытта да барлығына төменнен жоғары қарамай, керісінше қазақтың өзіне солай қарасын деп өмір сүріп, жұмыс істеп жүрмін. Сол жұмыстарымды айтып жатса, бағалап жатса мен үшін мәртебе», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.