«Казахстанская» шахтасында қаза тапқан кеншілердің артында алты бала жетім қалды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - 31 тамыз күні таңғы сағат 4-те «Арселор Миттал Теміртау» акционерлік қоғамына қарасты «Казахстанская» шахтасында метан газы тарауына байланысты болған қайғылы оқиғадан кейін алты кішкентай нәресте мен әлі дүниеге келмеген бір іштегі бала әкесіз қалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. 

«Рүстем Ахметжановтың жасы 34-те болған, үш баланың әкесі. Валерий Руденко 37 жаста, екі баласы жетім қалды. Максим Шебанов - 31-де, бір баласы бар», - деп хабарлады «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының баспасөз қызметі.

Максим Шебановтың әйелі екінші баласына жүкті. Қаза тапқан кеншілердің туысқандары үшін бұл орны толмас қаза болды, барлығы қандай да бір мәлімдеме беруден бас тартты. Валерий Руденконың көршісінің айтуынша, кенші екі баласымен қатар, қос жиенін де материалдық тұрғыдан қамтамасыз етіп отырған.

«Біздің қаламызда әрбір екі отбасының бірі - кенші. Әулет болып көмір өндірісіне жұмыс істейді. Сол себепті үш адамның қазасы - жеке отбасының ғана емес, тұтас Шахтинск қаласына ортақ қайғы. Қайтыс болғандардың екеуі - Новодолинка ауылынан», - деді Алла Гаврилова.

Айта кетейік, 31 тамыз күні таңғы сағат төрттен аса АГҚ (автоматтандырылған газ қорғанысы) операторы тау диспетчеріне 332 Д6-1-3 желдеткіш түйісімінде метан кенжарды бақылау тетігінен байланыс жоғалғаны туралы және шахтаның батыс желдеткіш ұңғысында метан деңгейінің көтерілгенін хабарлаған. Шахта басшылығы тез арада жағдайды анықтау шараларын жүргізген: кенжарға Кәсіби әскерилендірілген апаттық құтқару қызметінің екі бөлімшесі мен сол учаскенің тау шеберін жіберген. Таңғы сағат 6-да үңгушілер осы кенжардан өлі күйінде табылды. Алдын ала дерек бойынша қайғылы жағдай кенеттен метанның (газ динамикалық құбылыс) таралуы салдарынан болған. Оқиға кезінде шахтада 132 адам болған, оның 129-ы апатты жою жоспарына сәйкес өздері жердің бетіне шыққан.

Кәсіби әскерилендірілген апаттық құтқару қызметінің 49 қызметкері мен 9 техника апатты жою жұмыстарын жүргізуге тартылды. Шахтадағы жұмыс уақытша тоқтатылды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылды, тергеу жүріп жатыр. Тергеу нәтижесі комиссия жұмысы аяқталғаннан кейін белгілі болады.   

Соңғы жаңалықтар